ТЖ

Сергеев қоймасы тасып жатыр

 

Өткен жылғы тасқын кезінде Сергеев гидроторабындағы су ернеуден 3 метр 30 см-ге асып, тасыған болатын. Сол кезде ондаған ауылды су басты. Әсіресе, Былғары зауыты, Мичурино елді-мекендері біраз зардап шекті. “Қазсушар” мемлекеттік кәсіпорнының мамандары биыл ондай жағдай қайталанбайтынына сенімді. Айтуларынша, әзірге Есіл өзенінің сағалары тола қоймаған.

Шұғайып Ибатулин – “Қазсушар” РМК СҚФ бөлімінің басшысы:


– Есіл өзеніне қосылып жатқан су мөлшері азаюда. Сондықтан биыл аса су тасқыны болады деп ойламаймын. Себебі Есілге Жабай, Калутон кіші өзендерінің деңгейі төмен. Қазіргі таңда Сергеев гидроторабындағы су деңгейі ернеуден 1 метр 34 см-ге асыпты.

Бүгінде Сергеев гидроторабындағы тіршілік көзі секундына 15 текше метрден босатылып жатыр. Соған байланысты Есіл өзеніне жақын орналасқан 127 елді-мекен ерекше бақылауға алыныпты.

Рүстем Жұмағалиев – СҚО ТЖД бірыңғай диспетчерлік қызмет басқармасының бастығы:

– Әзірге Есіл өзені жақын маңдағы ауылдарға қауіп төндіріп тұрған жоқ. ТЖД-де 241 маман қауырт маусымға сақадай-сай отыр. Қажетті техника мен құрылғылар жеткілікті. Аудандар да су тасқынына қарсы шараларға тыңғылықты дайындалған. Біз өзенді жағалай орналасқан ауылдардың тұрғындарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бірақ, ескертулерді, әсіресе, балықшылар елемей жатыр.

Сәуірдің 5-інен облысымызда су тасқынына қарсы жедел штаб жұмыс істеп тұр. Олар су қоймаларына мониторинг жүргізіп тұрады. Бір аптадан кейін Сергеев гидроторабынан босатылған су Петропавлға жетеді деп күтілуде. Мамандар тасқын болса, қай учаскелер су астында қалатынын дөп басып айта алмай отыр. Апат айтып келмейді. Сондықтан өңір аумағында барлығы 250 эвакуациялау пункті құрылыпты.

Берік Қасен