Қоғам

Елімізде сыбайлас жемқорлық фактілері азаюда

Елімізде сыбайлас жемқорлық оқиғалары жыл өткен сайын азайып келеді. Мәселен, 2 жыл бұрын Қазақстанда 3 мыңға жуық бармақ басты, көз қыстылық фактісі тіркелсе, былтыр парақорлықтың саны 460-қа азайған. Заңның ала жібін аттаған жандар мемлекет қазынасынан 15 млрд теңге жымқырыпты. Бүгінде қыруар қаржының 14-млрд-ы қайтарылып алынған екен. Өңірімізге келген сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшелері бұндай заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып жатқандығын айтты.

Айгүл Соловьва – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық арнайы мониторингтік топтың басшысы:


–  Өткен жылы біз еліміздің барлық өңірлерін аралаған болатынбыз. Іс- сапарлар барысында көбіне тұрмыстық сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу жайын талқыладық. Мұндай заңбұзушылық қайдан шығады? Әдетте ондай жағдай мемлекеттік қызметші мен қарапайым тұрғын арасында орын алады. Бұл ретте кез келген адам, оның ішінде қызмет атқаратын лауазымды тұлға парақорлықтың неге апарып соғарын білуі тиіс.


Теріскейде бұл бағытта тындырылған іс жетерлік. Өткен жылдың күзінде өңірге ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев келіп кеткен болатын. Ол парақорлық фактілерінің санын азайту мен мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты Агенттіктің облыстық департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаевқа бірқатар міндет жүктеді. Сол тапсырмалардың барлығы дерлік орындалыпты.

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:


–  Өткен жылдың күзінен департамент ішкі сыбайлас жемқорлық қатерін анықтау мақсатында 290 сараптама жүргізді. Тексеру барысында Айыртау ауданында бірде-бір құқықбұзушылық анақталған жоқ. Бұған қоса, мемлекеттік мекеме мамандары мен басшыларына парақорлықтың қаупі жайлы оқыту-семинарын өткіздік. Былтырдан бері осындай 70-ке жуық шара ұйымдастырылды. Тағы, біз жастармен көп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өңірдегі мектептерде “Адал ұрпақ” клубтары құрылуда. Қазіргі күні бұл ұйымға 7 мың оқушы мүшелік етеді.


Бұған қоса, өңірде мемлекеттік органдардың қызметін тұрғындар үшін тиімді қылу бағытында да біраз шаруа атқарылған. Мәселен, Тайынша ауданының халыққа қызмет көрсету орталығында елімізде өңірлердегі аудандардың арасында алғашқылардың бірі болып жүргізуші куәлігі беріле бастапты. Енді, мұндай іс Шал ақын және Ғ.Мүсірепов ауданында да жүзеге аспақ. Тағы, облыстық Көші-қон қызметі мен халыққа қызмет көрсету орындарының жұмыс уақыты өзгертілген. Жиында СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі арнайы мониторинг тобының төрағасы Александр Бодуновский де есеп берді.

Александр Бодуновский – СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі арнайы мониторинг тобының төрағасы:


–  Біздің өңірде арнайы мониторингтік топ 2016 жылы құрылды. Құрам 17 адамнан тұрады. Олардың денін жастар, депутаттар мен сарапшылар құрайды. Өткен жылы 14 отырыс өткіздік. Жиындарда мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы, мемлекеттік мекемелердің қызмет сапасы мен тұрғындардың базыналары тыңдалды. Жерлестеріміздің барлық өтініштері назарға алынып, құзырлы органдарға жеткізілді.

Айта кетейік, қазіргі күні өлкеміздің әр ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі арнайы мониторинг тобы жұмыс істейді.

 

Байболат Бектемірұлы