МТРА жаңалықтары

Петропавлда белсенді мектеп оқушыларының форумы өтті

Белсенді мектеп оқушыларының форуына орай Жастар сарайының фоесінде көрме ұйымдастырылыпты. Бұл жерде өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген ұл-қыздар өздерінің білім ошақтарының музейінде сақтаулы тұрған жәдігерлерді жиналғандарға көрсетуде. Мәселен, мынау – Есіл ауданынан жеткізілген заттар. Кинорежиссер Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің шәкірттері құнды дүниелердің бір бөлігін мұғалімдерімен бірге дайындаған. Оның арасында көрпе, жастық, тіпті, Алтын адамның макеті де бар.

Ал, самауыр, шоқпар мен ат әбзелдерін музейге аудан тұрғындары тапсырған екен. Бұдан бөлек, оқушылар киіз үйдің де жабдықтарын келушілерге таныстыруда.

Айгерім Жакупова – кинорежиссёр Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің оқушысы, Есіл ауданы:


– Киіз үйде екі босаға болады. Оның біріншісі ер азаматтарға арналған. Онда ат әбзелдері, қару-жарақ тұрады.

Көрмені тамашалап болған соң жиналғандар акт залында бас қосты. Мұнда “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Айта кетейік, аталған жобаның жарық көргеніне бүгін тура бір жыл. Осы уақыт ішінде елімізде мектеп оқушыларының бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру мақсатында бірталай жұмыс атқарылыпты. Солардың бірі – әр мектепте мұражай ашу. Бұл іс теріскейде ойдағыдай жүзеге асып жатыр.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:


– Өңіріміздегі 497 мектептің 220-сында музей құрылды. Мұражайлар ашық болуы тиіс. Келушілер емін-еркін сол жердегі құнды заттарды тамашалай алуы тиіс.

Бұдан бөлек, Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында теріскейлік жастар тарихы терең өңіріміздің түкпір-түкпірін аралаған. Мәселен, 1 жыл ішінде 30 мың ұл-қыз экскурсияға шығыпты. Тағы, 30 жас көршілес облыстарға саяхат жасаған. Тағы, солтүстікте аталған жоба негізінде өлкенің киелі жерлері де анықталғаны белгілі.

Жанар Таласпаева – “Рухани жаңғыру” өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі:


– 19 киелі жер анықталған болатын. Соның 6-ы Қазақстанның Киелі жерлері картасына енді. Қазіргі күні қасиетті орындарға оқушыларды тарту мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

Форум соңы шағын концертпен аяқталды. Ортада дарынды ұл-қыздар өнер көрсетті. Әсіресе, сахнаға шыққан 50 жеткіншек Құрманғазының Балбырауын күйін орындау шеберлігімен жиылғандарды ерекше тәнті қылды.


Байболат Култанов