МТРА жаңалықтары

Өңірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы Республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшелері келді

 

 

Бұл – Меңгесер ауылындағы “Мамбетов и К” командиттік серіктестігінің асыл тұқымды репродукторы. Бүгінде мұнда шотландиялық ангус тұқымды 700 бас ірі қара күтіліп-бапталуда. Ісін ілгерілету үшін серіктестік басшысы Еркебұлан Мамбетов былтыр мемлекеттен 200 млн теңгенің субсидиясын алған.
Осы ретте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Арман Бердалин агроқұрылымдардың субсидия рәсімдеу барысында тиісті органдарда көп қағазбастылық туындамауы қажет екенін айтты.

Арман Бердалин – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің басшысы:


– Халыққа мемлекет беретін жеңілдіктер мен субсидиялар уақытылы, кедергісіз жетуі тиіс. Мониторнгтік топ осыны бақылайды. Халыққа қызмет көрсететін барлық орталықтарды аралап жүрміз, бәрі қол жетімді болуы шарт.

Бұдан соң елордалық меймандар Меңгесер ауылындағы ағайынмен жүздесті. Жиында қозғалған басты мәселе қазіргі қорғам дерті – жемқорлықты болдырмау.

Мұсағали Дуамбеков – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшесі:


– Сыбайлас жемқорлық орын алатын мемлекеттердің рейтингісінде Қазақстан 122-сатыда тұр. Бармақ басты, көз қыстылықпен күресте алға басушылық байқалады. Былтыр ел қазынасынан ұрланған 15 млрд теңгенің 14 млрд-ын қайтарып алдық. Парақорлықпен күресте қатардағы азаматтармен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе жұмыс істеуіміз шарт.

Шынымен де, бармақ басты, көз қыстылықтан ең алдымен қатардағы жұрт жапа шегеді. Сондықтан, мониторинг тобының мүшелері ауылдағы ағайынды жемқорлықпен күресте белсенді болуға шақырды.

Арман Бердалин – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің басшысы:


– Қоғамдық бақылау картасы және қамқор қосымшасы туралы .

Бұдан соң елордалық делегация Новомихайлов ауылдық округінің орталығына барды. Меймандар жергілікті әкімдіктегі өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышының жұмысымен танысты. “E-gov” порталына қосылған бұл компьютер арқылы тұрғындар қажетті мемлекеттік қызметтерді өздері ала алады. Жыл басынан бері Connection point-тың көмегімен 10 азаматқа мекен жай анықтамасы мен басқа да құжаттар берілген. Бұл өте аз. Округ бойынша мұндай бұрыштардың саны 5-еу болғанымен бір тілім қағазды алу үшін тұрғындар әлі де аудан орталығына жол жүруді жөн санайтын көрінеді.

Арман Бердалин – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің басшысы:


– Егде жастағы азаматтарға порталды пайдалану қиын. Сол себепті, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарының қалай жұмыс істейтінін түсіндіруге барынша екпін берілу керек. Сонда ғана халық порталдың ыңғайлылығы мен қарапайымдылығына көз жеткізіп, анықтама үшін уақыттарын жоғалтпайды.

Елордалық меймандар аялдаған келесі нысан – “Новомихайловское – 2003” серіктестігі. Мал және егін шаруашылығымен айналысатын бұл құрылым соңғы жылдары сандық технологияларды ендіруге бет бұрған. Айқын мысал – мына жедел бақылау орталығы.

Бүгінде “Новомихайловское-2003” серіктестігінде 150 адам еңбек етеді. Егістік алқабы 10 мың гектарды құраса, бордақылау алаңында 400 бас қазақтың ақ бас сиыры бапталуда.


Саят Ермек