Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев келді


Елімізде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы құрылғалы бері бизнесмендердің қордаланған проблемаларын шешіп, көмек көрсетуде. Айталық, өткен жылы қазақстандық кәсіпкерлерден 22 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Соның 40 пайызы оң шешімін тауыпты. Кәсіпкерлерге тиесілі құны 92 млрд теңге болатын мүлік қорғалған. Жалпы бүгіндері елімізде ісін дөңгелетемін деген жандар салық органдары және коммуналдық мекемелердің қызметін алу кезінде қиындықтарға кезігетін көрінеді. Осы ретте бірқатар тиісті жұмыстар қолға алынған. Бизнесмендерді аятқан шалатын тексерістердің саны қысқартылуда.

Тимур Құлыбаев – «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы:

– Бізге кәсіпкерлерден жүйелі түрде түсетін 575 сұрақ бар екен. Соның 393-і, яғни 70 пайызы біржола шешімін тапты. Бұл Кәсіпкерлер палатасының мемлекеттік органдармен етене жұмыс жасайтындығын көрсетеді. Парламент пен Үкімет те бізге қолдау көрсетеді. Осы ретте ескерте кетейін тексерістерді азайту салғырттыққа әкелмеуі тиіс. Біздер тексерістерді азайттық, бірақ ол қадамға бизнесмендердің жауапкершілігін арттыру үшін бардық. Осындай іскер азаматтарды тәрбиелеу керекпіз.

Бүгіндері мемлекет өз ісін ашамын дегендерге жақсы қолдау көрсетеді. Екі қолға бір күрек таппай жүргендерді оқытып, бизнеске тарту үшін «Бастау» жобасы қолға алынған. Оның аясында өтькен жылы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған және жұмыссыз жүрген азаматтардың 15 мыңы арнайы курстардан өтіпті.

Жігер Азбергенов – «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасының ресми өкілі:

– 8 мың адам қорғады. 3 мыңы қаржы алып ісін дамытты. Олар өздерін ғана жұмыспен қамтып қоймай, туыстарын, ауылдастарын жұмыспен қамтыды. СҚО 1000 адам оқыпты. 300 адам жұмысын ашқан.

Бүгіндері өңірде 27 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. Оларда 100 мыңнаан астам адам еңбек етеді. Өткен жылы кәсіпкерлер өндірген тауарлар былтырғымен салыстырғанда 16 пайызға артса, түскен салық 24 пайызға ұлғайқан.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Бір жыл бұрын осы залда кездескенде бірқатар кемшіліктер айтылған болатын. Оларды біз түзеттік. Ең алдымен, ақпарат алуға мүмкіндік жасалды. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің сайттары қолжетімді бола түсті. Қай жерде бос жер учаскесі бар оны да байқау болады. Қала мен аудан орталықтарының бас жоспары жайлы да ақпаратты көруге мүмкіндік бар. Ағымдағы жылы қала кадастрын цифрландыруға 143 млн теңге бөлдік. Бұл жұмыс келер жылы аяқталатын болады.

Кәсіпкерлікті жүргізуге қиындық тудыратын барлық кедергілер алынуда деген Тимур Құлыбаев алдағы уақытта бизнеске көрсетілетін қызметтер жинақталып, «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтіндігін айтты.

Тиумр Құлыбаев – «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы:


– Соның нәтижесінде мұндай қызмет түрлерін көрсету мерзімі 50 күннен 2-3 жұмыс күніне дейін қысқартылады. Осы ретте айта кетейін, соңғы кездері бизнесмендерден кедендік органдардың жұмысына қатыста да сауалдар көбейді. Сондықтан, сыртқы тауар айналымымен айналысатындарды қуантып қояйын. Үстіміздегің жылдың 1-ші қазанынан бастап олар көрсететін 17 қызмет түрі электрондық форматқа ауысады. Ол жұмысты жеңілдетеді.

Тағы биыл өңірдің бизнес субъектілеріне жүргізілетін тексерулер 26 пайызға қысқарған. Алдағы уақытта оны әлі де 30 пайызға азайта түсу жоспарлануда. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы да өз ісін ашамын дегендерге жақсы мүмкіндіктер беріп отыр. Өткен жылы бұл мақсатқа облысымызға 2,4 млрд теңге қаржы бөлінген болатын. Осы ретте Құмар Ақсақалов аталмыш бағдарлама бойынша биылға бағытталған қаржының аз екендігін тілге тиек етті.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Жаңа бастамаларды жүзеге асыруға бөлінген қаржы аздық етеді. Бұл туралы республика деңгейінде жеткіздік. Бірақ, әзірге қолдау болмай отыр. Солтүстік Қазақстан үшін бұл жобаның маңызы зор. Қосымша жұмыс орындары ашылып, өндіріс көлемі артуда. Осы ұсынысты жоғарғы жаққа жеткізсеңіздер деймін.

Өткен жылы өңірлік палатаға 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түссе, 278-і бизнесті қорғауға қатысты болған. Солардың 211-і оң шешімін тауып, 100 млн теңгенің мүддесі қорғалды. Жасалған жұмыстар өз нәтижесін берді. Өлкеміз бизнесті жүргізудің рейтингі бойынша республикада 4-ші орынан көрініп отыр. Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесіне жергілікті бизнесмендер де қатысып өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Айталық, Александр Казанцев сараланған тарифтер кәсіпкерлерге ыңғайлы болғанын айтып, оны қайтаруды сұрайды. Бұған жауап қайырған елордалық мамандар сауалды жоғарғы жақта қарастыратындығын айтты. Ал, келесі бір сауал ауыл шаруашылығына қатысты болды.

Нағашыбай Барлыбаев – «Арқалық» ШҚ директоры, Мамлют ауданы:


– Қазір шаруалар техника мен құралдарды 14,5 пайыздық үстемеақымен алып келеді. Бұл, әрине қиын. Сондықтан, «Қазагро» ұйымы арқылы алынатын несиелер қарастырылса екен дейміз.

Ербол Есенеев – «Атамекен» ҚР ҰКП департаментінің директоры:


– Ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру – бұл маңызды мәселе. Сондықтан, біздер тисіті министрлік өкілдерімен сөйлесіп, тұтас бағдарламаны қарастырып көрдік. Және ауыл шаруашылығы министрлігінің бюджеті есебінен осы ставканы субсидиялауды ұсындық.

Бұл мәселеге қатысты өз ойын аймақ басшысы да білдірді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Өткен жылы біз осы 14,5 пайыздық ставканың көмегімен бар болғаны 58 техника ғана ала алдық. Осыған дейін ставка 6-8 болғанда біздер 5 есе көп алған болатынбыз. Оның үстіне ауыл шаруашылығы техникасы ескіріп жатқандығы ешкімге жасырын емес. Тозығы жеткен тракторлар мен комбаиндар көп. Олар жаңартуды қажет етеді. Сондықтан, проблема шешілсе жақсы болар еді.

Ал, «Римказагро» серіктестігінің өкілдері өңірде құрылып жатқан индустриалдық аймаққа инфрақұрылым тарту жұмысын жылдамдатуды сұрады.

Абылай Мырзахмет – «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы:


– «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасында индустриалды аймақтарға инфрақұрылымды тарту үшін 30 млрд теңге қарастырылған. Шағын индустриалды аймақтарға инфрақұрылым тартуға әлі заң жобасы бекітілген жоқ. Қазір Мәжілісте қаралып жатыр.

Жиында ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін жандар цифрландыруға көшу үшін ауылды жерлерде интернеттің жоқтығын айтты.

Абылай Мырзахмет – «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы:


– Бізде тиісті бағдарлама бар. Ол 2025 жылға дейін шақталған. Бұл аралықта барлық елді мекендер интернетпен қамтылатын болады. Операторлар белгіленіп, қаржы да қарастырылған.

Тағы жиында сүт-тауарлы фермаларды қолдау, сүтті бағыттағы ірі қара мал басын субсидиялау, мамандардың жетіспеушілігін шешу және салықтан жалтарып, жөнді жұмыс жасамайтын жалған кәсіпкерлік субъектілерінің жолына тосқауыл қою сынды мәселелер көтерілді.

Магжан Ахмадина