Денсаулық сақтау

Буын алмастыру отасын кепілдендірілген медициналық көмек негізінде тегін жасатуға мүмкіндік бар

Тізе буындарының артрозы немесе гоноартроз әрбір 5-ші адамда кездеседі екен. Бұл дертке ерлерге қарағанда нәзік жандылар көбірек шалдығады. Осындай кеселге тап болған жерлестеріміздің бірі – 61 жасар Валентина Николаева. 21 жыл бойы сауда-сатықпен айналысқан нәзік жанды бұл аурудың пайда болуын кәсібімен байланыстырып отыр. Ал 3 ай бұрын зейнеткер кепілдендірген медициналық көмек пакеті шеңберінде ота жасатқан.

Валентина Николаева – қала тұрғыны:


– Алдымен осындай ота жасатқандармен кездесіп, пікірлерін білдім. Ойлана келе, травматологтан тізе буынын ауыстыру туралы кеңес алдым. Сөйтіп, денемнің салмағын түсірдім, кейін ота жасалды. Нәтижесін алда көре жатармыз.

Ота жасау барысында тізедегі сіңірдің зақымданған бөлігі эндопротезбен алмастырылады. Адам тәніне мейлінше ұқсайтын материалдардан дайындалған жасанды буын сүйек цементімен бекітіледі. Эндопротез әр адамның сүйек тініне, тізенің анатомилық ерекшеліктеріне қарай дайындалмақ. Бүгінде жасанды буындар 15-20 жылға дейін, кей жағдайларда 30 жылға дейін қызмет етеді.

Мейрам Оспанов – 3 қалалық аурухананың травмотология бөлімінің аға ординаторы:


– Ота жасамаз бұрын, науқастың барлық патологияларын зерттейміз. Ауытқушылықтар болмауы керек. Мәселен, артық салмақты науқастарды қабылдамаймыз. Операция жасалған соң 1 жыл көлемінде тізе буынының қалпына келуін қадағалаймыз.

Дәрігерлердің айтуынша жарты жыл ішінде облысымызда осындай 53 ота жасалған. Буын алмастыру операцияларының нарықтағы құны орта есеппен 5000 доллар тұрады. Бұл соманы екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні белгілі. Сондықтан, Қазақстанда буын алмастыру отасын кепілдендірілген медициналық көмек пакеті негізінде тегін жасауға мүмкіндік бар.

Мұрат Жакенов – «МӘМСҚ» коммерциялық емес АҚ СҚО бойынша филиалының жетекшісі:


– Елімізде халықты әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыстары жалғасуда. Қор кепілдендірілген медициналық көмек пакетін қалыптастыру үшін оңтайландыру бойынша өз ұсынысын әзірлейді. Мұның барлығы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін қолға алынды.

Жалпы кепілдендірілген тегін медициналық көмекті мемлекеттік емханалар ғана емес, жеке меншік клиникалар да көрсетеді. Еліміз бойынша буын алмастыруға 4 млрд астам қаржы бөлінген. Ал облысымызда жарты жыл ішінде ота жасауға 585 млн теңге қаражат жұмсалды.


Дана Ешкенова