Энергетика

Жылу есептегіш құрылғылардың пайдасы

Жаңа жылдан петропавлдықтар жылуға жаңа тариф бойынша, бір шаршы метр үшін – 128 теңгеден төлеп жүр. Бірақ барлығы бірдей емес, тек жылу есептегіш құрылғылары жоқтар ғана. Ал оны орнатып үлгергендер 60 пайызға дейін үнемдейді екен.

Игорь Рыбас – «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас директоры:


– Кейбір үйлер бізде 128 теңге емес, 60-70 теңге төлейді. Ондай баспаналар қатарына жылыту маусымына жақсы дайындалғандар кіреді. Яғни, олар тиісті шаруаны атқарып, ерте қамданғандар. Бұл үй қожайындары әрине біраз үнемдейді. Қала бойынша – Бостандық көшесі бойындағы 17-ші үй қыс бойы жақсы үнем көрді. Осы мекен-жай бойынша тұратын қалалықтар 1 шаршы метр үшін 66,55 теңге төледі. Ал жалпы айтсақ, есептегіш құрылғыны орнатқан баспаналардың барлығы үнемдейді.

Сондықтан болар, өткен жылдың тамыз айынан бастап Петропавл жылу желілері қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерге жылу есептегіш құрылғыларын орнатуға арналған бағдарлама жасап шығарған. Сөйтіп, осы уақытқа дейін құрал 600 үйде іске қосылыпты. Жыл соңына дейін оны тағы 190 баспанаға орнату көзделген.

Игорь Рыбас – «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас директоры:


– Жалпы аталмыш бағдарлама бойынша 790 үйде жылу есептегіш құрылғыны орнату керекпіз. Бұл жоба 4 жылға шақталған. Осы уақыт аралығында тұрғындар құрылғыны орнатуға жұмсалған 700 мың теңгеден астам соманы біртіндеп қайтаруы керек. 5 қабатты баспана иелерінен айына 300-400 теңге ғана шығады. Үй тұрғындарының келісімі бойынша құралды орнатуға шешім қабылданса, олар бізге, не «Севказэнергосбыт» серіктестігіне 46 – 24 – 16 нөмірі арқылы хабарласуы тиіс. Кейін мердігер компания оларды орнатады, біз жұмысты қабылдап аламыз. Кей тұрғындар есептегіш құрылғыны орнатса, үйміз суып кетеді деп қорқады. Бірақ бұл шындыққа сай келмейді.

Қазір монополист компанияға 30-дан астам өтініш келіп түскен. Жылу есептегіш құрылғыны орнату көп уақытты алмайды. Мамандар оны 3 сағат ішінде іске қосып береді екен. Ресейлік құралды қолдану мерзімі – 4 жыл. Монополистер жылуды қосу үшін берілетін техникалық шарттарды қайта рәсімдей бастағанын да хабарлап отыр. Осыған дейін біраз уақыт бойы құжатты алу мүмкін болмаған еді. Оған себеп бар. Қала күн санап өсіп жатыр. Жаңа баспаналар мен әлеуметтік нысандар қолданысқа берілуде. Ал оларды жылу магистраліне қосу қиындық тудырады. Өйткені, кеңестік заманда салынған құбырлар шыдас бермеуі мүмкін. Сондықтан кәсіпорын ескі желілерді қалыпқа келтіре бастапты. Осы уақытқа дейін шаһардағы екі негізгі магистраль жаңартылса, биыл қалған екеуі жөндеу көрмек.

Магжан Ахмадина