Қоғам

Шаһарда қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Апат айтып келмейді. Қоғамдық кеңесте талқыланған алғашқы мәселе су тасқынына байланысты болды. Былтыр орын алған жағдайдан соң, қаланың бірнеше аудандарының тұрғындары тақымдарын қысып отыр. Дегенмен, шаһар басшысының орынбасары Қайролла Ғалеев «Былғары зауытындағы» дамбаның шыдас беретінін айтуда. Еске сала кетейік, 3,9 шақырымды құрайтын нысанның құрылысына бюджеттен 3,3 млрд теңге жұмсалған. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Сондықтан да, бүгінде қаламызда 3 эвакуациялық пункт әзірленді. Заречный кенті, Былғары зауыты мен Ойқала ықшам аудандарында орналасқан білім ошақтары бүгінде тұрғындарға қажетті барлық заттармен қамтылған. Төтенше жағдай орын алатын болса, қалалықтар мектептерді уақытша паналамақ.

Қайролла Ғалеев – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:


– Сергеев су торабы қазіргі уақытта 92,7 пайызға толған. Су тасқыны басталғаннан бері оның деңгейі 16 см көтерілді. Ал, Петропавл су қоймасына келер болсақ, нысан 88,9 пайызға толып, деңгейі бар болғаны 1 см жоғарылады. Жалпы, апатқа қарсы жұмыстарды жүргізу үшін қазынадан 7,3 млн теңге бөлінген.

Көктем кезінде шаһардағы кәріз жүйелері мен жер үйлер орналасқан аудандардың жағдайын бірқалыпта ұстау да маңызды. Мәселен, Петропавлдағы суағарлардың 90 пайызы, яғни 40 шақырымы бүгінде тазартылған. Аталған шара тағы 44 шақырымды құрайтын жабық кәріздік желілерде де жүргізілді. Суды соруға байланысты тұрғындардан түсетін өтініштерді уақытында орындауға 37 бірлік техника мен 6 бригада жұмылдырылған. Тағы жиында қызу талқыланған мәселелердің бірі – қала көшелерінің бойындағы рұқсатсыз жұмыс істейтін сауда нүктелері.

Евгения Сальникова – қалалық кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:


– Бүгінде шаһар бойынша жылжымалы дүңгіршіктердің қызметіне 18 арнайы алаң бөлінген. Сауда нүктелерінің саны жазға қарай артатыны белгілі. Сондықтан, жергілікті атқарушы орган полиция қызметкерлерімен рұқсатсыз жұмыс істейтін саудагерлерді тексереді. Әдетте, балмұздақ, попкорн сынды тәттілерді сататындардың санитарлық кітапшалары болмай жатады.

Бұл ретте қоғамдық кеңес өкілдері құрамына тәртіп сақшылары, мемлекеттік қызметшілер кіретін жұмыс тобын құру керектігін сөз етті.

 

Эльмира Садвокасова