Аптадағы маңызды жаңалықтар

Көктемгі егіс науқанына дайындық пысықталды


Биылғы қыс қарға сараң болып, жерге дән сіңіремін дегендерге аса қолайлы болмады. Бірақ бұл жақсы өнім алуға кедергі болмауы тиіс деді теріскейлік аграрийлердің басын біріктірген жиында өңір жетекшісі. Сондықтан диқандар қазір мол табыс әкеліп, экспортқа бағытталған өнім түрлерін, атап айтсақ, рапс, зығыр және күбағыс тұқымдас дақылдарды егуі тиіс.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Майлы дақылдар алқабын біздер 1 млн гектарға жеткізу керекпіз. Аудан әкімдері бұл шаруаға жауапты. Біз өзімізге пайда әкелетін өнім түрлеріне көшу керекпіз. Майлы дақылдардың бағасы жоғары. Ал бидайдыкі күзден бері әлі сол қалпында тұр.

Бұл ретте тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – ауыл еңбеккерлерінің маңдай терімен тапқан еңбекақысының мардымсыз болуы. Бүгіндері ең төменгі жалақыны Уәлиханов және Шал ақын аудандарының жұмысшылары алып келеді. Сондықтан аудан әкімдері көп жерлерді иемденіп алғанымен, дұрыс өнім жинауға қауқарсыз, қызметкерлерін де еңбекақымен жарытпаған шаруашылықтармен жұмыс істеуі керек.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Тайынша ауданындағы «Терновское» серіктестігі 4,5 мың гектар жерге дән сіңіреді. Өткен жылы гектарынан 6 центнер өнім алды. Осындай мысалдар өңіріміз бойынша, айта берсек көп. Мемлекеттен ұялмай субсидия алып, мұндай нәтиже көрсеткендері таң қаларлық. Аудан әкімдері жерді бұлай тиімсіз пайдалануға қалайша жол береді? Егер биыл да осындай фактілер орын алса, аудан әкімдері өз еркілерімен жұмыстан кетеді.

Өткен жылы ауыл шаруашылығына 72 млрд. теңге инвестиция құйылыпты. Бұл ретте төмен көрсеткіштер Мамлют және Шал ақын аудандарында тіркеліп отыр. Сондықтан салаға қаржы тарту аудан әкімдеріне жүктелген тағы бір тапсырма болды. Биыл егіс науқанына облыс 548 мың тонна тұқым қорын әзірлепті. Ал жалпы өңірдің жер емген диқандары 4 млн 154 мың гектар жерге дән сіңірмекші. Тағы биыл көкөністер мен картопқа белгіленген жер көлемі екі есе артпақ. Сондықтан жерді дұрыс пайдаланбай отырған шаруалармен де жұмыс жүргізіліп жатыр. Өткен жылы ондайлардан 188 мың гектар жер алыныпты. Босаған учаскелер өсімдік шаруашылығымен қатар төрт түлікті баптаймын дегендерге берілуде.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:


– Дегенмен өткен жылы Тайынша ауданында осылай алынған жер тек өсімдік шаруашылығымен айналысатындарға берілген. Бірақ байқауға қатысқандардың арасында, мал шаруашылығымен айналысып, тұрғындарды жыл он екі ай жұмыспен қамтимын дегендер де болған екен.

Күзде жақсы өнім алу үшін жерге тыңайтқыштарды сіңірудің де маңызы зор. Биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер оның 109 мың тоннасын алуға келісім жасасқан. Алайда тек 38 мыңына ғана қаржы төленіп, бүгіндері тыңайтқыштардың 27 пайызы жеткізілген. Бұл жұмысты аудан әкімдері қадағаламайды дейді Айдарбек Сапаров. Тағы диқандар арзандатылған жанар-жағармайды да алуға асығар емес. Қазір оның литрі 150 теңге болса, алдағы уақытта 5-6 теңгеге қымбаттауы мүмкін.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:


– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жанар-жағармай жеткізетін операторлармен 38,2 мың тонна өнімге 664 келісімшарт жасасты. Бұл 57 пайызды құрайды. Осы бағыттағы шаруа Ақжар және Тайынша аудандарында сылбыр жүргізілуде. Сондықтан егіс науқаны басталғанда техника алқаптарда тоқтап тұрмауы үшін аудан әкімдері келісімшарт жасасу үрдісіне қарқын қосуы тиіс. Тағы жанар-жағармайдың ақшасын уақытылы төлеп, оны жылдамдатып жеткізіп алыңыздар.

Бүгіндері өңірдегі 26 шаруашылық алқаптарды спутниктен бақылау әдісін қолдануда. Ол арқылы жауын-шашын және ылғал мөлшері, тағы өсімдіктің өсу процессі сынды түрлі көрсеткіштерді көруге болады. Жалпы 2018 жылы цифрландыру шаралары 50 агроқұрылымды қамтымақ.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:


– Цифрландыру алқаптардың электронды картасын жасаудан басталады. Бүгіндері олардың 52 пайызы яғни, 2,5 млн гектар жер электронды нұсқаға көшірілген. Дегенмен бұл жұмыс үш ауданда баяу жүргізіліп жатыр. Ақжарда – 28, Қызылжар және Тайынша аудандарында 39 пайыздан атқарылған. Сондықтан барлық аудандар жұмысқа қарқын қосып, 1-ші маусымға дейін шаруаны аяқтауы керек.

Салада қолданылатын тың жаңашылдықтарды жиынға қатысқан Сейфуллин атындағы университеттің ғалымдары да айтуда. Олар нақты егін шаруашылығы, ветеринария, алқаптар мен ормандарды спутниктен бақылап, тіпті еріген қар суын суаруға қолдануға болады дейді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Бұл өңіріміз үшін өте маңызды. Өйткені, бізде көктемде алқаптарда су көп жиналады. Бірақ оларды дұрыс қолдана алмаймыз. Қарастырып көрейік.

Жиында мал шаруашылығы жайлы да сөз болды. Ғалымдар өлкемізде азықтық база азайды деп отыр. Сондықтан болар саланың өсу қарқыны бір орыннан жылжымапты.

Аюп Ысқақов – «Солтүстік Қазақстан мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты»» ЖШС директоры:


– Мал азығы негізінен жайылымдық жерлерден алынады. Ал олар бізде жаңартылмаған ескі, сондықтан өнімі де нашар. Арнайы егіліп, бапталатын азықтық өнімдер мөлшері аз.

Үстіміздегі жылғы егіс науқанының ерекшелігіне келер болсақ. Қазір алқаптарда аздаған ылғал қоры бар. Бірақ мол өнім алудан күдер үзуге болмайды дейді ғалымдар.

Белгібай Қанафин – «Солтүстiк Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжiрибе станциясы» ЖШС директоры:


– Қар аз жауған қыстан соң, жазда жауын-шашын мөлшері егіннің өсуіне жақсы жағдай жасауы мүмкін. Яғни, ол ылғал қорының өсімдікке дұрыс әсер етуіне жағдай жасайды. Тіпті осындайдан кейін рекордты өнім алуға да болады. Мысалы, 2011 жылы ұқсас жағдай болған-ды. Тағы қары аз түскен қыстан соң құрғақ жаздың болуы күтілмейді.

Мамыр мен маусым айында жауын-шашының мөлшерден тыс жауатындығын синоптиктерде айтып отыр. Ал сәуірде күннің орташа температурасы 3…5 градус жылылықты көрсетеді. Бірақ айдың үшінші онкүндігінде күн бұдан да жылынып, күндіз ауа температурасы + 23 градусқа дейін көтерілмек. Бұл болжамдардың дәлдігі 60 пайызды құрайды. Алайда Қытай мен Америкада белгіленген ауа райының ықтымалдылығы 80 пайызды көрсетеді. Сондықтан олар жаңбыр жауатындығын бір ай бұрын біліп отырады екен. Ғалымдар дәл болжам жасауға мүмкіндік беретін қосымша метеостанциялар алынса дейді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Өзіміз жасап көрейік. Жоғарғы жақпен сөйлесіп, бұл мәселені шешіге тырысамыз. Ауыл шаруашылығында біздер барлық тың технологияларды енгізу керекпіз. Сонда ғана мол өнім алуға мүмкіндік туады
.

Жиын соңында өңір жетекшісі аудан әкімдеріне бірқатар тапсырсырмалар жүктеді. Біріншіден, ылғал жабу жұмыстарын аяқтау, екіншіден, минералды тыңайтқыштар мен жаңа техника алуға келісімшарттар жасасу. Тағы Құмар Ақсақалов жұмыссыздықты азайтып, дайындау және қызмет көрсету орталықтарын көптеп құруды тапсырды. Кейін облыс басшысы агротехникалық университеттің басқарма төрағасымен әріптестік жайлы меморандум жасасты.

 

 

Магжан Ахмадина