Балалар

Астанада еліміздегі НЗМ-нің оқушылары арасында «Наурыз кездесулері» шарасы өтті


Бұл зәулім ғимарат жасыл технологияларға негізделіп жасалған. 23 қабатты нысан архитектуралық жағынан ерекшелініп қана қоймай, жел генераторы, күн батареясы және биогаздан қуат алады.

“Helix Tower” инновациялық кешенін тұрғызу жобасының авторы – химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенті – Роман Голь. Жасөспірімнің пенопласт пен қалың қатырма қағаздан дайындалған макеті елордамызда өткен Наурыз кездесуінде үздік деп танылды.

Роман Голь – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенті:


– Аталған жобаны әзірлеуге маған физика және еңбек пәнінің мұғалімдері көмектесті. 1-1,5 ай көлемінде істеген макетіміз ойдағыдай шықты. Дегенмен, жақын уақытта кешенге толықтырулар енгізіп, басқа да жарыстарға қатыспақ ойым бар.

Ал, мынау мектепке дейінгі балаларға арналған орталықтың шағын үлгісі. Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенті Мерей Төкен өз макетінде балғындарға қажетті ортаны жасақтаған. Жоба авторы Монтессори жүйесі арқылы өскелең ұрпақты жан-жақты дамытуды көздеп отыр.

Мерей Төкен – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенті:


– Бұнда арнайы плиткалар орнатылған. Оның арқасында энергия сақталады. Яғни, онда жүгірген уақытта 1 қадамнан 5 Дж энергия өндірілсе, ал бала күніне шамамен 2500 қадам жасайды. Осылайша, егерде осы кешенде 50 балғын жүрсе, 625 мың энергия жиналып, сақталады. Ол бүкіл нысан мен қаланы қуаттандыруға қолданылады.

Жыл сайын Астанада еліміз бойынша Назарбаев зияткерлік мектептерінде білім алатын студенттер арасында Наурыз кездесуі өткізіледі. Онда жас өнертапқыштар өздерінің тың идеяларын ұсынады. Ал, биылғы байқау елордамыздың 20 жылдығына орай ұйымдастырылып “Болашақ қаласы: елорадамыздың сәулеті” атты тақырыпты қамтған. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 200-ге жуық бала түрлі нысандардың 97 макетін апарса, оның 4-уі теріскейліктерге тиесілі.

Нәзира Сәдуақасова – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің өнер пәнінің мұғалімі:


– Жалпы балаларымыздың идеялары көбінесе балаларды дамыту мақсатында және футуристикалық зәулім ғимараттарды жобалау, жасау болды. Осы оқушыларымыздың жұмыстарын сәулет өнерінің мамандары бағалап, өздерінің көмектері мен ұсыныстарын атап, жақсы кеңестер бере алды.

Аталған жобалардың авторлары өздерінің тың ойларын алдағы уақытта одан әрі жетілдіріп, өзге байқауларға да ұсынбақ.

 

Тогжан Акмагамбетова