МТРА жаңалықтары

Жергілікті ғалымдар қылқан жапырақты ағаштарды жерсіндірудің жаңа әдісін тапты

Мына “Харвестер” деп аталатын техника қайың, теректерді санаулы минуттың ішінде бұталарынан аршып, кесіп береді. Қолданысы ыңғайлы машина – жұмыс өнімділігін арттыруда таптырмас қондырғы. Осыған дейін бұл шаруаны атқаруға 10 адам бірнеше күн жұмсаса, аталған техниканың арқасында жұмысшылардың міндеті біршама жеңілдеп отыр. Беларусьтық машинаның бағасы арзан емес – 48 млн. теңгеге айналған.

Рустам Бердағұлов – “АБД- Орманы” ЖШС орман шебері, Қызылжар ауданы:


– Шетелдік озық қондырғы тәулігіне 300 текше метр отын әзірлейді. Оны басқарудың әдіс-тәсілдерімен серіктестік мамандары Минск қаласында танысып, оқып келді.

Кәсіпорын жуырда сатып алған тағы бір озық қондырғы “Хорвандер” деп аталады. Ол кесілген ағаштарды жинайды.

Өндіріске кесілген ағаштардың орны бос қалмайды. Яғни, табиғат қорын пайдаланушылар оталған бір жасыл желектің орнына қылқан жапырақты өскіннің екеуін егеді. Аталған жұмыс түрін кәсіпорындағылар М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғалымдарының нұсқаулығымен атқарады.

Тимур Зверяченко, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті, фармацевтикалық ғылымдардың кандидаты:


– Шырша, қарағай ағаштарын жазық далаға ексе, олар жерсінбей солып қалады. Осы мәселені шешудің бір ғана амалы бар, ол – қайыңның орнына қылқан жапырақты өскіндерді егу. Ендігі кезекте, біз қолданып жүрген әдістің арқасында өңір аумағында жасыл желектердің көлемі артып, экологиямызға оң әсері тимек.

Айта кетсек, дәл осы жобаны іске асыру үшін “АБД- Орманы” серіктестігіне Білім беру және ғылым министрлігінің «Ғылым қоры» АҚ атынан өткен жылы 300 млн теңгеге жуық грант бөлінген екен.
Осы орайда бүгіндері кәсіпорын аумағында 1 мың шаршы метрлік жылыжай салынып жатыр. Онда кесілген қайыңдардың орнын басатын шырша, қарағай көшеттері өсіріледі.

 

Тогжан Акмагамбетова