Қоғам

Петропавлдың кей көшелері лай-батпаққа айналды


Көктем келісімен қаланың кейбір аймақтарында аяқ басып жүру қиындады. Бірнешеуін аралап қайттық. Мәселен, бұл Ойқаладағы Павлов көшесінің жағдайы. Еркеш Дасанованың мұнда тұрып жатқанына биыл 15 жыл болады. Көшіп келгелі көріп жүргенім осы дейді зейнеткер.

Еркеш Дасанова:


– Қыс өткесін көше батпаққа толып тұрады. Бойыңды ашу кернейді. Басқа көшелерді жылда жөндейді, ал бізге жетпей қалады.

Ең қызығы, көшенің тең жартысына қиыршық тас төселген, ал тысқары жағы ылғи лай мен батпақ. Неге бұлай? Бұл сұрақты көше жұрты бірнеше жыл бұрын әкімдікке қойған екен.

Эльмира Гайнанова:


– Қалалық әкімдіктің сайтына хат жолдаған едім. Олар 2013 жылы бұл көшеге түгелдей қиыршық тас төселген деп жауап берді. Шындығына келгенде, қиыршық тас көшенің бір бөлігінде ғана жатыр. Біздің аумаққа жеткен де жоқ
.

Қала тұрғынының базына айтар жөні бар. Өйткені, ұлы Данил күнде осы жолмен мектепке барады. Бұл мәселені біржақты етуге болады, тек тұрғындар белсенділік танытулары тиіс. Әкімдіктің табалдырығын тоздырмай-ақ, бірден сотқа жүгіну керек дейді қалалық мәслихат депутаты, әрі заңгер Павел Афанасьев.

Павел Афанасьев – Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:


– Қаладағы жолдардың бәрі қалалық әкімдіктің, нақтырақ тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің балансында. Егер көше талаптарға сай болмай, жағдайы мүшкіл болса, салдарынан тұрғындардың құқықтарына нұқсан келтірілсе, азаматтық істерді қарайтын қалалық №2 сотқа шағымдану керек.


Саят Ермек – тілші:


– Ал бұл – қаланың ортасы деуге болады, Алтынсарин көшесі. Мұнда бірнеше тұрғын үй, ал артымда тіпті балабақша да тұр. Жазда мұнда жылу желілерін жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Содан бергі жағдай мынадай, айтпаса да түсінікті. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, қарапайым аяқ киіммен бұл жол бойынша жүру мүмкін емес.

Көше тұрғындарының шағымын өткен күзде, жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатқан кезде жеткізгенбіз. Жұмыс бітті, бірақ күрмеуі шешілген мәселе жоқ.

– Тротуарлар жоқ, көшемен қатынау, аяқ киіміңді былықтырмай подъездге жету мүмкін емес. Батпақтан қашан көзіміз ашылады? Күте-күте, зарлай-зарлай шаршадық.


– Билік қайда қарап отыр, біздің қамымызды ешкім жеп отырған жоқ. Қаланың қақ ортасындағы көшені жөндеуге қаражаттың жоқтығына өз басым сенбеймін.

Қазір көшемен адам түгілі, темір тұлпар қатынай алмайды. Мына алып газельдің өзі батпаққа белшеден батып, тұрып қалған. Оны апаттық техника әрең шығарып алды. Жеңіл көлік жайлы айтпаса та болады. Мәселен, Азамат Бағаналимов бірнеше күн бұрын көшені кесіп өтем деп, көлігіне зақым келтіріп алған.

Азамат Бағаналимов:


– Әрең дегенде аулаға жетіп, әйелім мен балаларымды үйдің алдына түсірдім. Шығар кезде көлігім батты. Кейін батпақ бамперімді жұлып алды. Жөндеу үшін ең кем дегенде 20 мыңдай қаражат керек. Рөлге де отыра алмаймын.

Жол астындағы құбырларды ретке келтіру жұмыстарымен “Петропавл жылу желілері” серіктестігі айналысқан. Жөндеу тәмамдалған соң компания көшеге асфальт, ең болмағанда қиыршық тас төсеп, қазған жерін қалпына келтіруі тиіс еді. Алайда, жағдай мынау. Бұл тиісті бақылаудың болмағаны ма, әлде шаһар әкімдігінің селқостығы ма? Жауапты органның бұған айтар өз уәжі бар.

Дулат Шәріпов – ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:


– Міндеттеме негізінде компания маусымның басына дейін жолды қалыпқа келтіруі тиіс. Өйтпеген жағдайда, ТҮКШ бөлімі сотқа арыз жазады.

Бірер күнде Алтынсарин көшесіндегі жолға уақытша қиыршық тас төсейміз, ал маусым айында тіпті қалыпқа келтіреміз деп әкімдікке уәде беріпті “Севказэнерго”. Тек әзірге, тұрғындар үшін жұмысқа, мектепке жету, балаларын балабақшаға апару, тіпті қоқысты лақытрудың өзі – проблема. Өкініштісі, көктем келісімен мұндай лай мен батпаққа оранған көшелер шаһарымызда көбейіп кетті.

 

Саят Ермек