Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірімізде егістік науқанына қызу дайындық жүргізілуде

«Шағала-агро» серіктестігі – өңіріміздегі алдыңғы қатарлы агроқұрылымдардың бірі. Қызылжар ауданына қарасты Бугровое елді-мекенінде орналасқан кәсіпорын 5 жыл бұрын ғана ашылыпты. Өткен жылы диқандар бір гектар жерден 23 центнер дәнді және 10 центнер майлы дақылдан жинаған. Биыл аграрийлер бұл көрсеткішті арттырмақ ниетте.

Василий Трушников – «Шағала-Агро» ЖШС бригадирі:


– Орақ науқанында жиналған астықтың бір бөлігін тұқымға алып қаламыз. Оны қыс кезінде бірнеше рет өңдейміз. Бір жерден, екіншісіне ауыстырып, бір-біріне жабысып қалмауын қамтамасыз етеміз. Жалпы, көктемгі егіске 700 тоннадай тұқым дайындадық.

Бүгінде агроқұрылымдағы жұмыс қызу. Себебі, шамамен бір айдан кейін облысымызда жерге дән сіңіру науқаны басталмақ. Ал, шаруаға уақытында кірісіп, оны сапалы жүргізу үшін арнайы техниканы дайындау өте маңызды дейді аграрийлер. 2014 жылы диқандар «Нью холанд» тракторы мен «Флекси ойл» кешенін сатып алыпты. Оның бункерінің сыйымдылығы 6 тоннаны құрайды. Яғни, техника тоқтаусыз 30-40 гектар жерге дақылды себе алады. Бұл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге артық. Қажетті тұқымды алқапқа тракторларға тиелген арбалармен әкеледі. Ондағы дәнді себу кешеніне құю үшін, аграрийлер техниканы жетілдіріп, арнайы құрылғы орнатқан.

Николай Галушко – «Шағала-Агро» ЖШС инженері:


– Орақ науқаны аяқталған соң, жерді көктемге дайындап, жыртып қойдық. Енді, күннің жылынғанын күтіп отырмыз. Қар еріген соң, егін егуді бастаймыз. Өткен жылы бұл науқанды мамырдың 12-сі бастап, келесі айдың 6-сында аяқтадық.

Кәсіпорынға 10 мың гектардай жер тиесілі. Бұл алқаптарға диқандар бидай, арпа, сұлы, рапс, зығыр және жасымықты егеді екен. Жалпы, егістік науқанына 20-дан астам техника жұмылдырылмақ.

 

Эльмира Садвокасова