Мәдениет

Жергілікті “Грация” би ансамблі республикалық “Рауан” фестивалінде топ жарды


Бұл жолғы тартысты бәсекеде Қазақстанның түкпір-түкпірінен 30-дан астам үміткер бағын сынаған. Оларға қазылық еткен еліміздің танымал өнер жұлдыздары әсіресе біздің жерлестеріміздің қарым-қабілетіне жоғары баға беріпті. “Грация” би ансамблінің көркемдік жетекшісі Юлия Демешконың айтуынша, дарынды балалардан құрылған бұл өнер ұжымы бұған дейін де бірнеше байқауларда жүлделі орындардан көрініп үлгенген екен.

Юлия Демешко – «Грация» би ансамблінің көркемдік жетекшісі:


– Рауан» республикалық фестиваліне қаңтар айынан бастап дайындалдық. Байқауға барған 2 топтың әрқайсысы 4 биден ұсынды. Ересек балалар «Уральские мотивы» халық биімен бас жүлдені ұтып алса, кішілері “Білезік” биімен 1-ші орынды иеленді.

«Уральские мотивы» биін билеген қыздар әрі үздік костюм үшін де арнайы дипломға ие болыпты. Өйткені, республикалық фестивальға деп арнайы трансформер көйлектер тігілген екен.
Аталған бидің ерекшелігі, ол 2 бөлімнен тұрады. Біріншісінде бишілердің іс-қимылдары ақырын болса, кейін олар жылдам ырғаққа ауысады.

Дана Тулетованың «Жас дарын» көркем мектебіндегі би үйірмесіне қатысып жүргеніне 2 жыл болған. Осы уақытта “Грация” тобының құрамында бірнеше байқауға қатысып та үлгеріпті. Би билегенді ұнататыны соншалық, болашақта оқушы хореограф атанғысы келеді.

Дана Тулетова – «Грация» би ансамбінің қатысушысы:


– Біздің би ұжымы республикалық байқауда гран при алғанына қатты қуаныштымын. Көркемдік жетекшіміз Юлия Николаевнаға алғысым шексіз. Алматыда үлкен саханаға шыққан сәтте қатты қобалжыдым. Бірақ, биді билей бастағанда барлығын ұмытып, тапсырманы ойдағыдай орындай алдым.

“Рауан” республикалық фестивалінде бірінші орынды иеленген кіші топтың мүшелері де болашақтарынан зор үміт күттіреді.

Құбаш Аяулым – «Грация» би ансамблінің қатысушысы:


– Мен 5 жыл биге қатысып жүрмін. Осы байқауға жарты жыл бойы дайындалдық. Алматыдағы додада 4 күн болдық. Біз билеген қазақ биі «Білезік» деп аталады
.

“Грация” би ансамблі келесі жылы Қазан қаласында ұйымдастырылатын халықаралық байқауға да қатысуға ниеттеніп отыр.