Қоғам

Теріскейлік православ христиандары пасха мейрамын қарсы алды

Сағат түнгі 12-нің шамасы. Түнгі уақытқа қарамастан қаламыздағы Құдайға құлшылық ету соборына халық көптеп ағылуда. Бұл жерге жиылған православ сеніміндегі христиандар қасиетті Пасха мейрамын қарсы алмақ. Шіркеуге келгендердің арасында Эдуард Шарифкулов та бар. 21 жастағы жерлесіміз әр жылда ұлы мерекені дәстүрге сай атап өтіп, жаратқанға сиынады екен.

Эдуард Шарифкулов – қала тұрғыны:


– Бүгін еліміздің, отбасымның амандығы үшін құлшылық етемін. Мейрамда тілеген тілектерім қабыл болады деп сенемін. Өйткені, Пасха – біздер үшін ең қасиетті мереке. Осымен 5-ші жыл қатарынан шіркеуге келіп отырмын. Өзіммен бірге достарымды да ала келдім.

Шіркеуге ұл-қыздарын ертіп келген жандарды да кездестірдік. Бүгін Олеся Рогловская кішкентайларға мейрамды қарсы алу рәсімін көрсетіп, маңызын түсіндірмек ниетте. Нәзік жанды жастардың мерекенің тарихы мен қасиетін біліп жүргенін қалайды.

Олеся Рогловская – қала тұрғыны:


– Мейрамды отбасымызбен қарсы аламыз. Жұмыртқа бояймыз, ғибадатқанаға балалармен барамыз және собалақ нанын пісіреміз. Бізге діни мерекені атап өтуді әжеміз үйретті. Енді, сол білген-түйгенімізді ұл-қыздарға үйретіп жатырмыз. Мұны жастар міндетті түрде білулері керек.

Осы сәтте собор ішінде Пасха мейрамын қарсы алу рәсімі басталып кетті.

Мейрамға орай шіркеу іші керемет безендіріліпті. Қабырғалар мен ағаш бағаналарға ақ-қызыл гүлдер ілінген. Адамдар да ашық түсті киім киіп жүр. Бұл – мерекені тойлаудағы тәртіп. Яғни, Пасхада православ сеніміндегі христиандар жарқын, көзге жағымды көрінетін орамал тағып, күрте киеді. Шара барысында соборға жиылған жандарды мейраммен облыс әкімінің атынан орынбасары Асқар Сақыпкереев құттықтады.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:


– Құрметті солтүстікқазақстандықтар, сіздерді облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан Пасха мейрамымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бұл мереке үлкен маңызға ие. Ұлы мейрам – жақсылықтың бастауы. Адамдардың жүректеріне қуаныш сыйлайды. Елдегі бірлікті одан әрі арттырады. Біз түрлі ұлт өкілдері болсақ та, осындай күндері бір-бірімізді құттықтап жатамыз. Қуанышымызбен бөлісіп отырамыз. Бұл – бірінші кезекте Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасы.

Православ сеніміндегі христиандардың құрметті қонаққа арнаған сыйлығы бар. Петропавл және Булаев епархиясының епископы Владимир Асқар Сақыпкереевке ежелгі нышан ретінде пасхалық жұмыртқаны тарту етпек.

Владимир – Петропавл және Булаев епархиясының епископы:


– Бір кездері Марина Магдалина Рим императорына осындай жұмыртқа апарыпты. Сосын айтан екен, мына жансыз жұмыртқадан уақыт өте тіршілік пайда болады деп. Осыдан өмір мәңгілік екендігін ұғынамыз. Бүгінгі мерекеде осындай сыйлықты тарту етуге рұқсат етіңіз. Пасха – рухани жанарудың, жаңғырудың мейрамы. Адам боласы бойдағы жамандық атаулыдан арылып, жаңа күнді қарсы алуы тиіс.

Бұдан соң, шіркеуде құдайға құлшылық ету рәсімі басталды. Алдымен, православ сеніміндегі христиандар крест шеруін ұйымдастырды. Кейін, таңғы 6-ға дейін жаратқанға сыйынып, мінәжат етті. Жалпы, Пасха мейрамы 40 күн тойланады.

 

Байболат Култанов