МТРА жаңалықтары

Студенттер бизнес жүргізудің қыр-сырын меңгереді

Арнайы ұйымдастырылған курстарға жастар көп жиылды. Тренингті Астана қаласынан келген «Мост» бизнес-инкубаторының білікті маманы Алина Исаханова жүргізуде. Негізінен мұндай шаралардың өскелең ұрпаққа берері мол. Олар осындай дәрістер арқылы бизнестің қыр-сырын меңгереді. Кейін, кәсіпкерлікті үйреніп шет елдерге шыға алады. Онда IT-компанияларда тәжірибелерін жинақтауға мүмкінтері бар.

Алина Исаханова – «Мост» бизнес-инкубаторының операциялық директоры, Астана қаласы:

– Біз сабақ барысында жастардың дайын жобаларын талдаймыз. Кейбірінің бизнес-идеясы енді туындап жатады. “Смарт жолы” жобасы аясында жүзден жүйрік танылған жастар сырт мемлекеттерге шығып, өз білімдерін арттыра алады.

Жаңа бизнес түрлері игерілетін мұндай курстар өткен жылы Астана қаласында бастау алған. Арнайы байқаудан алға суырылып шыққан жастар өз старт-аптарын Сингапурде өтетін ірі технологиялық конференцияда таныстырады. Мұндай мүмкіндікті Қазақстан студенттеріне Тұңғыш президент қоры ұсынып отыр.

Сандуғаш Садықұл – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ университетінің студенті:

– Смарт жолы” жобасына қатысып отырғаныма қуаныштымын. Жалпы осындай бағдарлама жастарға үлкен мүмкіндіктер береді.

Бүгін өз жобасын Ренат Исираилов та әзірлеп әкеліпті. Оның тың бағдарламасы ұялы байланыс қызметтер тақырыбын қамтиды. Мектеп оқушысы бұған дейін республикалық “Менің арманым” атты байқауға қатысып, жобасын сәтті қорғап шыққан екен.

Ренат Исираилов – Бірінші гимназияның 11-ші сынып оқушысы:

– Бұл бағдарлама туралы менторлардан білдім. Осындай мүмкіндікті пайдаланып өз жобамды ұсынбақпын. Сингапурге барып, жаңа технологиялармен танысып, білімімді жетілдіргім келеді.

“Смарт жолы” жобасына қатысу үшін үміткерлер сәуірдің 13-іне дейін өтінім беріп, іріктеуден өтулері қажет.

 

Дана Ешкенова