Мәдениет

Петропавда “Пасхальная радость” халықаралық байқауы шеңберінде көрме ұйымдастырылды

 

 

 

Бұл – “Жексенбілік таң” туындысы. Бұл картинада мерекелік дастархан басында отырған жарқын жүзді қыз бейнеленген. Жұмыртқаның қабығы, гуашь және желімді қолданып жасалған суреттің авторы 15 жасар Аружан Баранқұлова. Аталған туындыны шығаруға жеткіншек 1 айға жуық уақытын жұмсаған көрінеді.

Аружан Баранқұлова – “Мерей” өнер мектебінің тәрбиеленушісі, Бескөл селосы, Қызылжар ауданы:


– Мен нағыз суретші болғандықтан пейзаждар салған ұнайды. Мен далада көп серуендеп, ғимараттарды қағаз бетіне түсіремін. Мені бұл өнерге анам әкелді. Олда сурет салғанды ұнатады. Өзім оған қарап, үлкен суретші болғым келеді.

Мына ерекше композиция да келушілердің назарын бірден жаулап алды. Оны облыс орталығындағы “Юнеско клубы” көркемөнер лицейінің тәрбиеленушілері 2 ай көлемінде әзірлеген. Балғындар өз жұмыстарында тұзды қамырды іске жаратыпты.

Юрий Кузнецов – “Юнеско клубы” көркемөнер лицейінің оқытушысы:


– Туындыны әзірлеуге 90 адам ат салысты. Композиция “Жарқын мереке. Тұзды қамыр” деп аталады.

Бұл көрмеде түрлі материалдардан дайындалған картиналардан бөлек, қолөнер бұйымдарын да кездестіруге болады. Осы жерге 6 жастан асқан балалардың 180-ге жуық туындысы жайғастырылған.

Виктор Сайко – Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы “СҚО орыс қауымдастығы” ҚБ төрағасы:


– 7-ші жыл қатарынан өткізіліп келетін байқауға бұл жолы 500-ге жуық еңбек түсті. Араларынан үздіктерін таңдап алып, мына көрмеде ұсындық. Биыл халықаралық сайысқа теріскейден бөлек, Тараз, Қарағанды, Көкшетау қалаларынан, Донецк өлкесінен және Германиядан өнерпаздар жұмыстарын жіберді.

Көрме барысында “Пасхальная радость” халықаралық байқауының лауреаттары мен жеңімпаздары марапатталып, оларға естелік сыйлықтар мен тәттілер де табысталды.

Тогжан Акмагамбетова