Қоғам

Еріген қардың суы қала көшелерін басуда

 

Саят Ермек – тілші:


– Біреуге көктем шаттық сыйласа, біреуді, керісінше, әбігерге салады. Мәселен ой қаладағы Смирнов көшесінің бойын осымен 5-ші жыл еріген қардың суы басып келеді. Сондықтан тұрғындар аяқтарына резеңке етіп киіп, далаға шығуға мәжбүр.

Кимейін десең тағы болмайды, себебі жиналған су тобықтан асады. Көше бойындағы арық бітеліп қалса керек. Сондықтан, одан түк пайда жоқ дейді тұрғындар. Амалын тапқандар шарбақтарының алдына тақтай не қиыршық тас төсеп қойған. Дегенмен, бұл Смирнов көшесінің тұрғындарын алаңдататын жалғыз мәселе емес.

Саят Ермек – тілші:


– Су тек көшені басса бірсәрі ғой, бірақ тұрғындардың аулаларына да жетіп отыр. Сондықтан, азаматтарға тіпті қарапайым дәретхананың өзіне бару қиындық тудырады.

Әр көктем сайын, әр нөсер сайын көретініміз осы деп қынжылады мұндағылар.

Ирина Куприянова:


– Жазда жауын болғанда тротуар түгелдей судың астына кетеді, көктемде, қар ерігенде де жағдай сондай. Жерқойманың іші суға лық толы, аулада да аяқ басып жүре алмайсың. Ешкім ешқандай шара қолданып жатқан жоқ.

Базынасын арқалағандар жауапты ведомствалардың табалдырығын да тоздырған, телефонын да біраз шырылдатқан.

Айгүл Матина – қала тұрғыны:


– Қала әкімшілігіне өтініш жаздық, жауап болмады. Міне, төртінші күн қоңырау шалып жатырмыз. Шыдамдылық танытыңыздар, су өздігінен кетеді деп жауап берді.

Амалсыздықтан Айгүл Матина таң ата “Нұр Отан” партиясының жергілікті филиалына жүгініпті. Бас партияның ықпалы ма, кім білсін, түске қарай арнайы техника келіп, суағарларды тазартуға кірісті.

Арықтар мен суағарларды тазартып, артық суды ағызу жұмыстарымен “Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар” кәсіпорны айналысады. Ведомство басшысының сөзіне сенсек, проблема жоқ, ал шаруа жоспарға сай жүргізіліп жатыр.

Павел Булаев – “Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар” ШЖҚ МКК директоры:


– 6 апаттық бригада жұмыс істеуде. 4-уі күндіз, ал екеуі түнгі уақытта көшелерге шығады. 14 бірлік техникамыз бар. Бүгінгі дейін 1000-ға жуық өтініш түсті. 90 пайызын орындадық. Көбіне Жұмысшы кентінде, Ой қалада және Қапай аудандарында жұмыс жасаймыз. Керемет апаттық, не төтенше жағдайлар шаһар бойынша орын алған жоқ.

Павел Булаевтың сөзінше көп жағдайда бұндай апаттарға тұрғындардың өздері себепші болады. Арыққа жуынды мен күл-қоқысты тастау оның бітеліп, судың жиналуына әкеліп соқтырады. Сондықтан, су астында қалғыңыз келмесе, өзіңізге тиесілі аумақтың тазалығына баса назар аударған жөн дейді.

 

Саят Ермек