Әр түрлі

Христиан дінінің жамағаты алдағы жексенбіде пасха мейрамын атап өтпек

Пасха мерекесін христиан дінінің өкілдері әлемнің әр түкпірінде тойлайды. Бұл олардың ежелгі және маңызды мейрамы. Дәл осы күні православ сенімдегілер храмға барып, жақындары мен туған-туыстары үшін сиынады.

Владимир – Петропавл және Булаев епархиясының епископы:

– Барша православ дініндегі жамағатты Пасха мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – жақсылық мерекесі. Үйлеріңізден береке, тыныштық кетпесін. Осы күні барша жұртшылық бір-бірімен төс қағыстырып, сақтап келген реніштерін ұмытулары тиіс. Барлық үміт, армандарыңыздың орындалуына тілектеспін.

Пасха мерекесінің басты нышаны – кулич нандар мен әр түрлі түске боялған жұмыртқалар. Олар – дастарханның сәні болып саналады. Аңызға сүйенсек, қызыл түсті жұмыртқа – өмірдің белгісін білдіреді екен. Бұл дәмдерді ерекше етіп әрлеу христиан дініне сенушілердің арасында әлі күнге дейін сақталған. Сондай-ақ, жерлестеріміз тәтті куличтерді де безендіреді. Олардың бірі – “Артос”.

– “Артос” – грек тілінен аударғанда “қасиетті нан” деген мағынаны білдіреді. Оны православ сенімдегілер пасха мерекесі қарсаңында пісіреді. Бұл дәмнің бетіне мынадай арнайы мөр қойылады.

Қазір шіркеу қызметшілері артостың бірінші легін әзірлеуде. Аздаған уақыттан соң оларды қыздырылған пешке салады. Дайын нандар мереке күні шіркеуге қойылмақ.

Ольга Уткина – шіркеу қызметшісі:

– Артос нанын дайындау үшін бір күн уақыт жұмсалуы мүмкін. Оны кәдімгі нан сияқты ашытқыдан жасаймыз. Қамырдың көлемі үлкен болады. Міндетті түрде жабатын қақпағы болуы керек. Қасиетті нандардың әрқайсысына Иисус Христостың суреті бар мөрді басамыз.

Мереке қарсаңында әр шаңырақ қасиетті нанды өздері пісіруге тырысады. Ал Пасха мейрамы күні оны шіркеу қызметшілеріне оқытып, ауыз тиеді.

 

Молдир Макишева