МТРА жаңалықтары

Тұрғын үй құрылысының сапасы мен оған жұмсалған қаражат бақылауда

Былтыр ел қазынасы есебінен облысымызда 1 463 пәтер пайдалануға берілді.
Жылжымайтын мүлікті тұрғызуға, оған қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға және абаттандыру жұмыстарына бөлінген 8,3 млрд теңге толығымен игеріліпті. Аталған жұмыстар жалғасын табуда. Биыл өңірімізде жалпы аумағы 230 мың шаршы метр тұрғын үйді салу жоспарда бар. Бұл мақсатқа түрлі қаржы көздерінен 11,8 млрд теңге қарастырылыпты. Одан бөлек өңірдің жекелеген аудандарында жалдамалы тұрғын үйлер мен жатақханалардың құрылысы басталған. Оларға 250 отбасы қоныстандырылады.

Владислав Лукин – СҚО сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:


– Петропавлда – 60 пәтерлік, Бескөлде – 30, Новоишиское селосында -50 пәтерлік жалдамалы үйлер, сондай-ақ Сергеевка қаласында 15 пәтерлік тағы 2 баспананың құрылысы басталды, Саумалкөл ауылында – 80 пәтерлік жатақхана тұрғызылады. Жалпы бүгінде облыс бойынша 20 мың солтүстікқазақстандық баспанаға мұқтаж. Оның жартысынан астамы қоғамның әлжуаз тобының өкілдері. Аталған санаттағы азаматтардың 6 мың 700-і Петропавлда, қалғандары аудандарда тұрады.

Баспана тапшылығы бір, бұл салада орын алатын олқылықтар тағы бар. Мәселен, соңғы уақытта қабырғалары жарылып, төбесінен су сорғалаған жаңа үйлердің видеолары әлеуметтік желілерге жиі жүктелетін болған.

Гастелло көшесіндегі 42-ші үйді “Стройкомпания” серіктестігі тұрғызыпты. Аталмыш компания қазір Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына арнап “Жас өркен” ықшам ауданында 144 пәтерлік тұрғын үй тұрғызуда. Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері халықтың назарына іліккен жауапсыз мердігерлерді тиісті мекемелер де ерекше қадағалауға алуы қажет дейді. Бұл орайда, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасындағылар тиісті шараларды күшейтеміз деді.

Азамат Омаров – СҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының бөлім басшысы:

– Жұмысшылар кірпіштерді қалай болса солай қалай салады.
Көп жағдайда құрылыс-монтаждау жұмыстары сапасыз орындалады. Жобадан ауытқушылықтар жиі кездеседі. Тізе берсе қателіктер, кемшіліктер жетіп артылады. Өткен жылы мердігер компанияларға олқылықтарды түзету бойынша 14 ұйғарым берілді. Биыл тапсырылған істі шала орындаған 2 ұйымға 2 млн 800 мың теңгенің айыппұлы салынды
.

Айту керек, бірінші жартыжылдықта өңіріміз бойынша 52 көпқабатты тұрғын үй халық игілігіне тапсырылады деп күтілуде.

Берік Қасен