Мәдениет

Петропавлда “Жыр жұлдызы-Мағжан ақын” атты халықаралық әдеби байқау өтті

“Жыр жұлдызы – Мағжан ақын” атты халықаралық әдеби байқау 4 аталым бойынша өткізіліп отыр. Оның алғашқысы – “Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім” деп аталады. Бұл номинацияда ұл-қыздар ұлы тұлғаның шығармаларын жатқа оқиды. Алғаш болып сахнаға РФ Омбы облысынан келген Гүлмира Мұхаметжанова шықты. Ол конкурсқа Алаш арысының 5 туындысын дайындапты. Сонын бірі – “Жер жүзіне” деп аталады.

Бұл аталымда петропавлдық Ділназ Амангелдинова да бақ сынамақ. Жерлесіміз Мағжанның 90-ға жуық өлеңін жатқа біледі екен. Бұрымды қыз ақынның шығармашылығымен біраздан таныс.

Ділназ Амангелдинова – байқауға қатысушы, Петропавл қаласы:


– 7 сыныптан бастап Мағжанның өлеңдерін жаттаймын. Ақынның туындыларын жаттау мен үшін қиын емес.

Мағжанның туындыларын жаттаған жастардың шеберлігін қазылар бағалады. Олар шығарманы жаңылмай және мәнерлеп оқуға мән берді. Әдеби байқауда жас ақындар да бас қосып отыр. Солардың бірі – Інжу Жантекей. Ол сайысқа “Мағжан ақын рухына” атты еңбегін әзірлеп кепті. Жерлесіміз өлең жазарда Алаш арысының туындыларын оқып, шабыт алатындығын айтады.

Інжу Жантекей – байқауға қатысушы, Қызылжар ауданы:


– Бұрын байқауларда Мағжанның өлеңдерін оқитынмын. Кейін, шабытым оянып өлең жаза бастадым. Әкем де өлең құрайды.

Ал, “Толқыннан толқын туады” аталымында Мағжан Жұмабаевтың шығырмашылығын зерттеген жастар сынға түсті. Олар ақынның туындыларына терең үңіліпті. Мәселен, Көкшетаудан келген Ерден Нұрахмет қайраткердің өлеңдеріндегі “От” сөзіне тоқталмақ. Ол өз жұмысын жазуға 1 ай уақыт жұмсаған екен..

Ерден Нұрахмет – байқауға қатысушы, Көкшетау қаласы:


– Мағжанның көптеген өлеңінде от сөзі бар. Сол сөздің шығармадағы қызметін зерттедім.

Тағы, “Жыр жұлдызы-Мағжан ақын” атты халықаралық әдеби байқауында суырып салма ақындар да өз өнерлерін паш етті.

Жақсылық Есенғалиева – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты директорының орынбасары:


– 4-ші аталымда айтыскер ақындар сынға түседі. Жалпы, байқауға 50-ге жуық ұл-қыз қатысып отыр.

Шара соңында жүлдегерлер мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Байболат Култанов