Қоғам

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы – сан ғасырлық тарихи тамырымыз, өзге елден ерекшелеп тұратын салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымызды жандандырудың бастауы. Бұл жұмыстарды атқаруда театр актерлеріне артылған үміт зор. Олар халқымызға рухани азық береді. Борис Васко өмірінің басым бөлігін, яғни, 56 жылын театр саласына арнаған екен. Актер осы аралықта сахна төріне талай тарихи тұлғаны шығарған. Ал телевизиядағы рольдерінің арасында отандық “Көшбасшы жолы” туындысындағы фотосуретші Иосиф Будневичтің бейнесі бар. Актердің кинодағы кейіпкері – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке фотосуретшісі болып еңбек еткен. Оның түсірген суреттерінде еліміздің тұтас тарихы бейнеленіпті.

Борис Васко – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері:

– Кастингке қатысуға шақыру алған соң ойланбастан Алматыға аттандым. Иосиф Будневич пен менің ұқсастығымды көрген режиссерлер бірауыздан осы рөлге бекітті. Міндетім – фотограф ретінде Елбасын суретке түсіру болды. Жалпы түсірілім 20 күнге созылды.

Елбасымыздың өмірін баяндайтын “Көшбасшы жолы” киноэпопеясы 2013 жылы жарық көрді. Ал, 2017 жылы фильмнің алтыншы бөлімі шықты. Мұнда еліміздің астанасы Алматыдан Ақмола қаласына ауысқан кезең суреттеледі. Фильмнің режиссері – Рүстем Әбдірешов. Басты рөлді қазақстандық белгілі актер Берік Айтжанов сомдады. Жалпы бұл Борис Васконың кино саласындағы алғашқы тәжірибесі емес. 74 жастағы өнер иесі кезінде Беларусь елінде “Сколько лет, сколько зим” фильміне түскен екен.

Борис Васко – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері:

– Бұдан бөлек, Барнауылда Ауғанстан жайлы түсірілген фильмде жүргізушінің рөлін ойнадым. Киноға түсу, әрине, қызықты. Дегенмен, өмірімнің басым бөлігін театрға арнағандықтан жаныма осы сала жақын. Себебі, мұнда шығармашылық пен қиялға еркіндік беріледі.

Қазіргі таңда дарынды тұлға Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актерлерімен бірге кезекті қойылымға дайындалуда.

Молдир Макишева