Қоғам

Қала мекемелеріне қағаз қалдықтарды тастауға арналған контейнерлер орнатылуда

Саят Ермек – тілші:

– Қағаз қалдықтарын кәдімгі қоқыс шелегіне лақтыру экология үшін зиянды. Себебі, ол тура полигонға жол тартады. Енді мемлекеттік органдар мен жеке меншік ұйымдар мұндай қалдықтарды шағын қорапқа салу мүмкіндігіне ие. Тиімділігі неде? Мұнда түскен қағаз бірден қайта өңдеуге жөнелтіледі.

Картоннан жасалған бұл жеңіл әрі шағын бокстар қазір облыстық экология департаментінің мамандары мен табиғат жанашырлары жұмыс істейтін кабинеттерге қойылуда. Қағаз қалдықтарын кәдеге жаратуға бағытталған бұл игі бастаманы қатардағы қызметкерлер қолдап отыр.

Қайрат Қалықов – СҚО орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бас маманы
қаз:

– Мұндай контейнерлердің 1000 данасын жергілікті “Вторсырье” серіктестігі арнайы жасатқан.

Қайыржан Айсин – “Вторсырье” ЖШС директоры:


– Қалдықтар Алматыдағы қағаз сүлгілерін жасайтын “Карина” компаниясының зауытына қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл макулатураның әр келісінен түскен қаражаттың 15 теңгесі қайырымдылыққа жұмсалады. Қала бойынша 1000 контейнердің барлығын орнатсақ, бір айда шамамен 340 ағашты құтқаруды жоспарлап отырмыз
.

Бір боксқа 20 келі макулатура сияды. Қорап толғанда, мекеме қызметкерлері сыртында жазылған телефон нөміріне қоңырау шалса болғаны, серіктестік өкілі оны босатып кетеді. Ең белсенді ұйымдарға жаңа қағаз бумалары мен кеңсе жабдықтары сыйлыққа беріледі. Бүгінге дейін мұндай бокстардың 30 шақтысы мемлекеттік мекемелердің бірқатарына қойылып үлгерген.

Владислав Орлов – СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:


– Мұндай контейнерлер облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы отырған ғимаратқа, тағы бірнеше мемлекеттік мекемелердің кеңселеріне орнатылған. Макулатура белсенді түрде жиналып жатыр. Шамамыз келгенше барлық мемлекеттік ұйымдарды қамтуды көздеп отырмыз.

Өңір экологиясының қамын жеген мемлекеттік және жеке меншік мекемелер игі шарадан шет қалғылары келмесе, “Вторсырье” серіктестігіне сұраныс жіберулері тиіс.

 

 

Саят Ермек