Қоғам

Петропавлда оқушылар айтысы өтті

Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған оқушылар айтысы 10 бірдей дарынды жастың басын қосты. Олардың 4-еуі іргедегі Көкшетау қаласынан келіпті. Қалғандары солтүстікқазақстандық ұл-қыздар. Жерлестеріміздің бәрі де сен тұр мен атайын деген талантты жастар.

Дәстен Баймұқанов – қалалық “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы, Қазылар алқасының төрағасы:


– Айтысқалы отырған оқушылардың барлығы дарынды. Мәселен, Диас Аяған деген шәкіртім Көкшетауда өткен сайыста бас жүлде иеленді.

Бірінші болып сахнаға осы Диас Аяған мен ақмолалық Абзал Жұмабек шықты. Теріскейліктің қарсыласына қарағанда тәжірбиесі мол. Ол осымен 5-ші мәрте додаға түсіп отыр. Ал, Абзал болса алғаш рет айтысқа қатысуда. Бүгін жалынды жерлесіміз көсіліп шабарына сенімді.

Диас Аяған – жас айтыскер ақын, Петропавл қаласы:


– Қызылжарда өтетін айтыстарда аса қысыла қоймаймын. Өйткені, өзімізде ұйымдастырылатын додаларда көрмен мені қолдап отырады. Сол қолдаудан шабыт алып, өнер көрсетемін.

Сөзге берік Диас намыс туын құлатпады. Ол айтыс барысында 2 жас үлкен қарсыласына қарағанда орынды сөйледі. Жерлесіміз Мағжанның өсиеттерін жырға қосып, өз өнерін паш етті. Осылайша 1 ұпай айырмасымен жеңіске жетті. Бұдан соң, айыртаулық Заманбек Әлібек пен көкшетаулық Базғұр Ерболқызы сөз таластырды. Бұл жұп нағыз қыз бен жігіттің айтысын ұсынды. Қылықты бозбала замандасына тұрмысқа шық деп ұсыныс тастады. Ал, тапқыр Базғұр қарсыласына лайықты жауап қайтарды.

Біраз айтысқан жастар көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Нәтижесінде қазылар алқасы Базғұр Ерболқызының өнерін жоғары бағалап, келесі кезеңге өткізді. Сахнаға шыққан келесі жұптар да әдемі айтыс ұсынды. Олар марғасқа Мағжанның өмір жолын, өлеңдерін жырға қосты. Оқушылардың өнері көрерменнің көңілінен шыққан сыңайлы.

– Балалардың өнері тамаша. Жақсы айтысып жатыр.


– Диас Аяған деген ақынды қолдауға келдім. Ол өте жақсы айтысады.

Айтыс соңында жүлдегерлер марапатқа ие болды. Ұл-қыздарға бағалы сыйлықтар табысталды. Олардың арасында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының гранты да бар.

 

Байболат Култанов