Энергетика

«Севказэнергосбыт» ЖШС жұмысы бойынша қоғамдық тыңдалым өтті

Бүгінде қала тұрғындары өткен айда пайдаланған жарық, жылу, суға есептелген барлық коммуналдық төлемдері мен ПИК қызметақысын бір құжатта алып жүр. Бұнымен қоймай, оларды төлеу үшін аталған қызметтерді көрсетуші мекемелердің кеңселеріне бармай-ақ, екінші деңгейлі банктер мен казпошта бөлімшелерінде өтей алады. «Севказэнергосбыт» компаниясы ұсынған мұндай мүмкіндік “Бірыңғай есеп айырысу орталығы” бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Алдағы уақытта аталмыш бағдарлама аудандарда да іске қосылады. Сондай-ақ, қаладан шалғай тұратын тұтынушыларға “Жеке кабинет” жобасы қолжетімді болмақ.

Мағауия Сағандықов- «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:


– “Жеке кабинетке” тіркелген абоненттер біраз істі үйден шықпай-ақ тындыра алады. Айталық, есептеу құрылғыларының көрсеткіштерін қашықтықтан жолдай алады. Онда мамандардан консультация алу қарастырылған. Сондай-ақ, жеке кабинетте тариф калькуляторымен шығындарды есептеп, берешекті интернет арқылы төлеу механизімі қарастырылған.

«Севказэнергосбыт» компаниясы қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарын одан әрі жалғастыруда. Былтыр облыс орталығында тағы екі сервистік орталық ашылған. Онда абоненттер тұрғылықты жері бойынша төлем жүргізіп, мамандардың көмегіне жүгіне алады. Бұл жұмыстарға жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді.

Мағауия Сағандықов- «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:


– 2017 жылы инвестициялық бағдарлама аясында 10 млн теңге кәсіпорынның материалдық техникалық базасын нығайтуға жұмсалды. Терминалдар мен жаңа компьютерлер алынды. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. 2018 жылы жалпы сомасы 20 млн теңгеге мәліметтерді сақтайтын сервер сатып аламыз. Бұл шаралардың арқасында халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы артады.

Бүгінде берешегін айлап төлемеген тұтынушылардың мүліктерін тәркілеу шаралары қарастырылған. Бұндай жұмыс оң нәтижесін беріп, дебиторлық қарыздар азайып келе жатқан көрінеді. Дегенмен, қазіргі таңда жерлестеріміз «Севказэнергосбыт» компаниясына 310 млн 500 мың теңге берешек екен. Оның 48 пайызы тұрғындарға тиесілі.

Берік Қасен