МТРА жаңалықтары

Былтыр 1500-ден астам теріскейлік “Бизнес бастау” жобасы аясында курстан өткен

Юлия Чайканың жиһаз цехінде жұмыс қызу. Нысан бір жыл бұрын ғана ашылыпты. Алайда, іскер нәзікжанды осы аралықта өздерінің тұтынушыларын тауып үлгерген. Кереует, стол, орындық пен шкаф. Үйіңізге қажетті кез келген корпусты жиһазды дәл осы жерде талғамыңызға сай етіп алуыңызға болады. Ол үшін мұнда өз ісінің шеберлері жиналған.

Дмитрий Напольский – “Чайка” ЖК шебері:


– Шаруамыз ұқыптылықты талап етеді. Жұмысым ұнайды. Жиһазды дайындауда бар жанымызды саламыз. Бастысы – тұтынушымыздың көңілі толса болды.

Тапсырыс берушінің қиялындағы кез-келген жиһазды аз ғана уақыт ішінде әрі сапалы етіп жасау үшін мұнда 7 маман еңбек етуде. Бұл іске цех иесі Юлия Чайка да ат салысады.

Юлия Чайка – “Чайка” ЖК директоры:


– Біз тек тапсырыс бойынша жұмыс жасаймыз. Алдымен тұтынушыға барып, өлшемдерді аламыз. Кейін эскизі жасалады. Егер жиһаздың түр-түсі клиентті қанағаттандырса, шеберлеріміз іске кіріседі. Алдағы уақытта жұмсақ жиһаз да жасағымыз келеді. Ол үшін тігін цехын орнату қажет.

Нәзікжандының аталған салада 6 жылдық еңбек өтілі бар. Сондықтан, былтыр жеке кәсібін ашуды қолға алыпты. Осылайша, «Бастау бизнес» қысқа мерзімдік курсын тәмамдаған Юлия “Даму” қорының көмегіне жүгінген. 3,5 млн теңге көлеміндегі несиеге бизнесвумен цехті қажетті техникалық қондырғылармен жабдықтаған.

Нұрлан Темірғалиев – Ғ.Мүсірепов аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Кәсіпкерлік бойынша 192 адам арнайы курстарды тәмамдады. 24-і микронесие алды. Іскер адамдар көбінесе мал шаруашылығы, жүк және жолаушыларды тасымалдаумен айналысады.

Бүгінде кәсібін ашып, нәсібін табамын деушілерге арнайы курстар мен мемлекеттік бағдарламалар баршылық. Мәселен, «бизнес бастау» жобасы аясында теріскей өңірінде бір мыңға жуық адам жеке шаруа дөңгелетудің қыр-сырын меңгеріпті. Олардың 160-ы қазіргі таңда жеке істерін ашып, кәсібін жүргізуде.

Эльмира Садвокасова