МТРА жаңалықтары

Қазақстандағы АҚШ елшісінің орынбасары Достық үйінде болды

Достық үйінің кіре берісінде Шәмшінің әні қалықтап тұр. Көз тартар ұлттық киімдерін киген қазақ, орыс, поляк пен татардың ұл-қыздары атақты композиторымыздың шығармасын тамылжыта орындауда. Жайсаң көңіл жерлестеріміз Қазақстандағы АҚШ елшісінің орынбасары Джон Марк Поммершаймды осындай ән-күймен қарсы алуда. Құрметті қонақ ішкі кірген кезде теріскейліктер дәстүрге сай шашу шашты. Мейманға арналып күй де шертілді.

Бұдан соң, Джон Марк Поммершайм бірнеше этномәдени бірлестіктің бөлмесіне бас сұқты. Әр жерде мейманға ұлттық тағамдар ұсынылды. Құрметті қонақ “Urрag” қазақ мәдени-ағарту орталығында қымыз ішіп, бауырсақтан ауыз тиді. Кейін, жиналғандар дөңгелек үстелде бас қосты. Шара қатысушылары мен Қазақстандағы АҚШ елшісінің орынбасарына өңірімізде халықтардың бірлігі жайлы СҚО әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет айтып берді.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:


–  Біздің өңірде 100-ден астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Облысымызда 13 аудан бар. Оларда 169 этномәдени орталық құрылған. Бірлестіктер өлкеміздегі ұлттың ауызбіршілігін нығайту бағында ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Әр этнос өкілдері төл салт-дәстүрін сақтайды. Бір-бірлерімен етене жақын араласып, бейбітшілікте күн кешуде.

Жиын қатысушылары мұндай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман кеңпейіл қазақ халқының арқасы деп біледі. Отырыс барысында Рашбиль Евдаев Джон Марк Поммершаймға Алаш жұртының ерекше қасиеттері жайлы әңгімеледі.

Рашбиль Евдаев – СҚО еврей этномәдени орталығының төрағасы:


–  Бір кездері қазақ жұрты түрлі ұлт өкілдерін бауырына басты. Міне, енді сол жандардың ұрпақтары осы елде тұрып жатырмыз. Жұмыс істеудеміз, балаларымыз өсіп келеді. Халықтардың достығы мығым. Біз бөлінбей әр мерекені бірге атап өтеміз. Бұл елдегі саясаттың арқасы.

Мейман бүгінгі кездесуден соң Қазақстандағы халықтардың достығына тағы бір мәрте көз жеткізгендігін айтты. Мұндай татулық қос мемлекеттің арасындағы байланысты да одан әрі жақсартуға септігін тигізбек.

Джон Марк Поммершайм – ҚР АҚШ елшісінің орынбасары:

 


–  Мен өзім Қазақстанда 3 жылға жуық қызмет етудемін. Аз уақыттың ішінде қос елдің арасындағы байланыс анағұрлым артқандығын байқадым. Мұның бәрі Президенттердің, халықтар достығының арқасы. 2 мемлекеттің тұрғындары бір-біріне жиі қатынап тұрады. Әріптестік орнатуда.

Кездесу соңында жиналғандар дастарханға қойылған ас-дәмнен ауыз тиіп, емен-жарқын әңгімелесті.

Байболат  Култанов