Қоғам

“Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінде ардагерлерге арналған экскурсия өтті


Бүгін 15 жасар Жанна Нургузинаның дебюті. Жасөспірімге мұражайдағы жәдігерлерді қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелеріне таныстыру мәртебесі бұйырған. Жанна екі жыл көлемінде Абылай хан резиденциясындағы “Жас экскурсия жүргізушісі” үйірмесіне қатысқан. Осы аралықта мектеп оқушысы Петропавл қаласының мәдени және тарихи жерлерімен танысып, экскурсия жүргізудің қыр-сырын меңгеріпті. 2017 жылдың соңында жасөспірім қалалық “Жас экскурсия жүргізушісі” байқауында жүлделі 2 орынды иеленді.

Жанна Нургузина – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушысы:

– Бүгін маған Абылай ханның тақ-залында экскурсия жүргізу мәртебесі бұйырды. Мен үйірмеде біраз білім алып, тәжірбие жинақтадым. Кәсіби экскурсоводтардан тәлім алдым.

Мектеп оқушысы қазыналы қарияларды мұражайдың әрбір залымен таныстырып, тарихи жайттарды әңгімеледі. Кешендегі басты бөлемелердің бірі – тақ залы. Себебі, мұнда Абылайханның мүсіні орналасқан. Оған қоса, мұнда жауынгерлердің киімі мен қару-жарақтары бар.

Әсемгүл Қыдбекова – “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешені директорының орынбасары:

– Абылай хан резиденциясында бүгін ауқымды іс-шара өткізіліп отыр. “Асыл қазына” шарасы бізде екінші рет ұйымдастырылуда. Бұл жиынның негізгі мақсаты жас экскурсоводтарды халыққа таныстыру.


Қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері шара ұйымдастырушыларына өз ризашылықтарын жеткізді.

– Тарихымызды білмесек, болашағымыз бұлынғыр. Бүгінгі жас экскурсоводтарға, ұйымдастырушыларға осындай іс-шара үшін алғысымды білдіремін.

– Мен бұл мұражайға осыған дейін бірнеше рет келген едім. Соған қарамастан, бүгінгі экскурсия көңілімнен шықты”.

– Абылай ханның тарихи істерін, қолбасшылығы мен батырлығын әрбір қазақстандық білу қажет. Әсіресе жастарымыз осында жиі келіп тұрса деймін.

Осы тектес тағы бір шара қыркүйек айына жоспарланған. Оны “Жас экскурсия жүргізушісі” байқауының 3 орын иегері- Мирас Құрманғалиев өткізеді.

 

Дана  Ешкенова