Білім

Познань университеті және СҚМУ арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды

 

Польшадағы Познань жаратылыстану университетінің қабырғасы 1951 жылы қаланған. ЖОО-да бүгінде 12 мың студент білім алуда. Аталмыш оқу ордасында бакалавр, магистр және докторларды дайындалады. Университет болашақ мал дәрігерлері, биотехнология, орман шаруашылығы саласында қызмет ететін жоғары білікті мамандарды оқытудан алдыңғы қатарда келеді.

Айдос Мұқатаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ стратегия және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры:

– Бұл университет бізге осы жылдың басында ынтымақтастық туралы ұсыныс жасаған болатын. Бүгін сол оқу орданың ұсыныстарын қарап, халықаралық келісімге қол қоймақпыз. Түрлі бағыттар бойынша жұмыс жасаудың ыңғайын қарамақпыз.

Екі университет академиялық ұтқырлық бағдарламасын жолға қойып, қос елдің студенттерімен алмаспақшы. Сондай-ақ, бірлескен ғылыми жобалар мен қолданбалы зерттеулер жазуға болады. Осылайша, кездесу барысында екі университет арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Кшиштоф Шошкевич – Познань жаратылыстану ғылымдары университетінің проректоры, Польша Республикасы.

– Біздің университет осымен 2-ші жыл қатарынан түрлі білім ордаларымен әріптестік қатынастар орнатуда. Жергілікті ЖОО-мен Ұлы жібек жолын зерттеу саласы бойынша жұмыс істеуге әзірміз. Жалпы Азия елдерімен ынтымақтастық орнатуды мақсат етіп отырғандықтан, Жібек жолына қатысты жұмыстар бойынша Қазақстанды таңдадық.

Қос тарап ауыл шаруашылығы мамандарын әзірлеуде бірлескен жобаларды жүзеге асырудан үмітті. Осы ынтымақтастықтың аясында СҚМУ-де “ауыл шаруашылығы” мамандығының білім беру бағдарламаларына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.