Балалар

Наурыздың 28-29 күндері “Жас Отан” ЖҚ 4-ші съезі өтті

 

Бұл жастар – Елордамызда өткен форумға қатысу мәртебесіне ие болған жандар. Белсенділердің сөзінше, ауқымды шара олардың өмірге және қоғамға деген көзқарасын өзгертіпті. 2 күннің ішінде теріскейліктер әр өңірден келген делегаттармен тілдесіп, тәжірибе алмасқан. Облыстық жастар мәслихатының депутаты Жанна Бисенова да съезден мол әсер алғанын айтады. Нәзікжанды форумда талқыланған мәселелер мен оларды шешу тетіктері елімізді одан әрі өркендетеріне сенімді.

Жанна Бисенова – СҚО Жастар мәслихатының депутаты:


–  Шараға көптеген әйгілі блогерлер мен әншілер қатысты. Олардың берген мотивациялары әр жас адамды шабыттандырды.Бұл – біздің болашақта өз ісіміздің кәсіби мамандары болуға септеседі деген ойдамын.

Рухани жаңғыру. Цифрлы Қазақстан, білім мен медицина, өндіріс. Бұл – “Жас Отан” жастар қанатының съезінде талқыланған басты әрі маңызды тақырыптар. 5 секция бойынша бөлінген делегаттар аталған салаларда кездесетін ең өзекті мәселелерді сөз еткен. Еліміздің үздік спикерлері жастарға үлгі болып қана қоймай, өз ұстанымдарына берік болуды үйретіпті. Ендігі мақсат – жиналған тәжірибені өңір жастарына жеткізу.

Жанна Бисенова – СҚО Жастар мәслихатының депутаты:


– Білім. Ғылым. Инновация» секциясында талқыланған мәселер арасында қазіргі жатақханалардың жетіспеушілігі де сөз болды. Мәселен, біздің жоғарғы оқу орнымызда 1300 студентке студент үйінен бөлме жетпеген. Сондықтан, облыс орталығында 2 жатақхана салу жоспарлануда.

«Жас Отан» жастар қанатының соңғы форумы ең ерекше съезд ретінде тарихқа еніп отыр. Жаңа форматта өткен шараны делегаттардан бөлек, өз қалаларында қалған жастар да тамашалай алды. VR-көзілдіріктің көмегімен олар 360 градуста өтіп жатқан барлық жайттардан хабардар болыпты.

Абылайхан Қайроллаев – «Жас Отан» ЖҚ Петропавл қалалық бөлімінің жетекшісі:

– Съезд аяқталған соң, оның резолюциясы қабылданды. Маңызды құжатта алдағы уақытқа біздің жоспарымыз құрылды. Енді оған сәйкес жұмыс істейтін боламыз.

Съезд соңында қабылданған «Жаңа әлемге жол саламыз» жобасы 2021-ші жылға дейін жүзеге асырылмақшы.

 

Эльмира Садвокасова