МТРА жаңалықтары

ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Киров зауытының ұжымымен кездесті

Заман талабына сай жарақталған
өндіріс цехтарын Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин аралап шықты.

Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның солтүстігі елге аграрлық өңір ғана емес, өнеркәсібі өркендеген аймақ ретінде де танылып жүргенін айтты. Мысалы, өткен жылы облысымызда индустриалды-инновациялық даму картасы аясында 40 кәсіпорын ашылыпты.

Нұрлан Нығматулин – ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:


– Киров атындағы зауыт – сандық және эфирлік хабар тарату қондырғыларын шығаруды белгілі бір ретке келтірген еліміздегі жалғыз кәсіпорын. Алдағы уақытта мұндағылар инвесторлардың көмегімен зауытты одан әрі жаңғыртуды көздеп отыр. Кәсіпорын басшылығы алдағы жоспарын көрсетті. Импорттық өнімдерді ығыстыру арқылы отандық тауарларды үлкен көлемде сіздердің зауыттарыңыз сияқты ірі өндіріс орындарында жасауға болады.

Отандық кәсіпорындардың табысты жұмысының арқасында ел экономикасы көтеріледі. Тиісінше, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин зауыт ұжымына
5 әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылу амалдарын айтып берді. Үстіміздегі жылдың жазында бизнеске арналған шағын заем мен ипотекалық несие қолжетімді бола түседі. 2019 жылдан жалақысы төмен еңбеккерлер үшін
салықтық жүктеме азаяды. Білім саласында да көп жаңашылдықтар орын алады. Студенттерге қосымша 20 мың грант бөлініп, басым бөлігі техникалық мамандықтарға бағытталмақшы.

Нұрлан Нығматулин – ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

– Келешекте “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын жүзеге асыратын өндіріс ошақтарына сандық технологияны меңгерген мамандар қажет болады. Алдағы уақытта студенттерді жылы, жайлы жатақханамен қамту тапсырмасы тұр алдымызда. Осы орайда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 2022 жылдың соңына дейін ел бойынша 75 мың орынға шақталған жаңа жатақханалар тұрғызу жоспарланған.

Студенттер үйінің құрылысына жергілікті билік жауапты. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл жұмыстардың көп ұзамай басталатынын айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жанынан мың орынға шақталған 2 жатақхананың жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Оған қажетті қаражат қарастырылған. Бұл бастама студенттердің білім алуына жағдай жасап, жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешеді деген үміттемін.

Елбасы бастамаларының барлығы қарапайым азаматтар үшін аса өзекті. Сондықтан, кездесуге қатысқандар орайы келіп тұрғанда Мәжіліс Төрағасына көкейлеріндегі сұрақтарын қойды.

ЕВГЕНИЙ БЕСПАЛОВ – “С.М.КИРОВ АТЫНДАҒЫ ЗАУЫТ” АҚ УЧАСКЕ ШЕБЕРІ:

– Зауытта істеп жүргеніме көп болған жоқ. Арнаулы орта білімім бар. Болашақта жоғары білім алып, осында жұмысымды жалғастырсам деймін. Қосымша бөлінетін 20 мың грант қай мамандықтарға беріледі?

Нұрлан Нығматулин – ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

– Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында, әрине, техникалық мамандықтарға басымдық беріледі. Сондықтан, жоғары оқу орындарында осы мамандықтарға көбірек грант бөлінеді.

Парламент Мәжілісінің Төрағасы кездесуде айтылған ұсыныстар ескерусіз қалмайды деді.

Саят Ермек