Қоғам

Теріскейлік католик сеніміндегілер Пасха мерекесін тойлауда

Храмға жиналған жұрт, туған-туыстары мен жақындары үшін құдайға сыйынуда. Солардың бірі – Наталья Залезецкая. Ол бұл жерге немересін де ертіп әкеліпті.

Наталья Залезецкая:

– Пасха мерекесін отбасымызбен жыл сайын асыға күтеміз. Бұл мейрам барша жұртты татуластырып, жақындастыратын шынайы халықтық мереке. Ғасырлар бой тойланып келе жатқан мейрам адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін арттырып, мейірімділікке тәрбиелейді.

Пасха мерекесін христиан дінінің өкілдері әлемнің түпкір-түпкірінде тойлайды. Шіркеуге жиылған жұртшылықты бұл мейраммен облыс әкімінің атынан орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бүгінгі пасха мерекесінің басталуымен христиан дінінің барлық өкілдерін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін.

Бұл мерекенің басты нышаны – түрлі-түске боялған жұмыртқа болып есептеледі. Шіркеуге жиналған барлық католик сеніміндегілер өз азықтарын қасиетті сумен аластады.

Томаш Якубчак – «Святая Троица» рим-католик шіркеуінің настоятелі:

– Бүгін католик христиандары көптен күткен пасха мерекесін атап өтуде. Біздің шіркеуде баршамыз пасхалық кешке арналған дұға оқимыз.

Кейін католик сеніміндегілер қасиетті үйдің алдына шығып, от жағып, пасха шырақтарын тұтатты.

 

 

Дана Ешкенова