ТЖ

“Семейный” гипермаркетінде оқу-жаттығу жиындары өтті

Мұнда түрлі жастағы балғындарға арналған 40-тан астам ойын автоматтары мен аттракциондар бар. Кешеннің жалпы аумағы шамамен 1200 шаршы метрге дейін жетеді. Өрт дәл осы ойын сауық алаңында түскі 3-тер шамасында шықты.

Түтінді байқаған қызметкерлер балаларды эвакуациялауға кірісті. Бұл үшін ғимарат ішінде есіктердің орналасуын көрсететін арнайы белгілер орнатылған. Өрт сөндіруші пунктіне хабар берілген соң, бірер минуттан кейін құтқарушылар төтенше жағдай орын алған ғимаратқа келді.

Өрт сөндірушілер 4 қабатты тінтіп шыққаннан кейін, қызыл жалынды ауыздықтауға кірісті. Ғимараттың жалпы аумағы 14 800 мың шаршы метрді құрайды. Екі жарым жыл бұрын ашылған бұл нысан бұрынғы зауыт ғимаратында орналасқан.

Сергей Удолой – «Семейный» сауда желісі қауіпсіздің қызметінің басшысы:


– Нысан 2015 жылы қолданысқа берілді. Ғимарат толығымен өрт қауіпсіздігіне сай жобаланып, қайта қалыпқа келтірілді. Құрылысында жанбайтын материалдар қолданылды. Яғни, бетон, гипсқатырма мен армстронг. Ай сайын нысанымыз тексерістен өтеді. Дабыл мен өрт сөндіргіш құралдардың жарамдылығы назарға алынады.

Сауда үйінің мамандары өрт қауіпсіздігіне үлкен мән береді. Орталық бір негізгі және 3 қосалқы шығу есігімен қамтылған. Нысанда өрт дабылы, 68 өрт сөндіргіш құрал, 13 кран бар. Бұған қоса, қызыл жалынды сөндіруге бағытталған автоматты қондырғылар жұмыс істейді. Ал, қызметкерлер үшін ай сайын оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіліп, жаңадан жұмысқа тұрғандарға барлық ережелер түсіндіріледі екен. Соның арқасында бүгін орталыққа жиналған халық абыржусыз сыртқа шығарылды.

– Халық арасында дүрбелең болған жоқ. Эвакуация жақсы ұйымдастырылды. Бұндай оқу-жаттығуларды жиі ұйымдастыру қажет.


– Біз мұнда әжем екеуміз сауда-саттық жасауға келдік. Кейін дабылды естігеннен кейін сыртқа қарай жүгірдік. Дүкен қызметкерлері сыртқа шығыңдар!

– Дабылды естігенде шошып кеттік. Кейін жүгірдік есікке. Бір әйел барлығымызды ертіп сыртқа шығарды.

Қызыл жалынды ауыздықтауға 9 бірлік техника мен 50 өрт сөндіруші жұмылдырылды.

Болат Жұмажанов – №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы:


– Оқыс оқиға орнына келгенде алдымен адамдарды сыртқа шығаруымыз тиіс. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткенде ғана, өртті сөндіруге кірісеміз.

Қала тұрғындарын қызметкерлер ұйымдастырып шығарғандықтан, оқу-жаттығу жұмыстары сәтті өтті. Барлығы шара барысында шамамен 500 адам мен тағы 150 жұмысшы эвакуацияланды.

 

 

Эльмира Садвокасова