Спорт

“Қызыл-Жар СҚ” өз алаңында қостанайлық “Тобыл”-ға есе жіберіп алды

Кеше жергілікті аяқ доп шеберлері өз алаңында Қостанайдың “Тобыл”-ын қабылдап, 2:1 есебімен есе жіберді. Теріскейліктер асыға күткен матч барысын тілшіміз де байқаған болатын.

Саят Ермек – тілші:


– Араға 8 жыл салып жергілікті “Қызыл-Жар СҚ” құрамасы премьер-лигаға қайта оралды. Маусым басталғалы 2 кездесу өткізіп, өкінішке орай, екеуінде де жеңіліс тапты. Бүгін өз алаңындағы алғашқы кездесу. Қарсылас – Қостанайдың Тобылы. Айта кететін жайт, соңғы 8 жылда Қарасай стадионы бір уақытта осынша жанкүйерді қабылдамаған шығар
.

Шынымен де, сағындырып жеткен үлкен футболды тамашалауға келген петропавлдықтардың қатары қалың болды. Ресми мәліметтерге сай бұл матч 6000-ға жуық жанкүйерді жинады. Бұл әзірге жаңа маусымның рекорды.

Ысқырық шалынды, ойын басталды. Алғашқы таймның 22-ші минутында бұрыштама соққысын мүлт жібермеген қызылжарлық жартылай қорғаушы Тимур Мульдинов, есеп ашып, алаң иелерін алға шығарды. Үзіліске қос құрама 1:0 есебімен тарқасты.

Екінші 45 минуттықта Тобылдың қарқыны басым болып, қызылжарлықтарды қорғаныста отыруға мәжбүрледі. Алайда, 53 минутта қостанайлық құраманың сапына осы маусымда қосылған шабуылшы Таңат Нөсербаев таблодағы есепті теңестірді. Ал матчтың 79 минутында сол Нөсербаевтың пасы мен Максим Фединнің дәл соққысы Тобылды алға шығарды. Кездесудің негізгі уақытына 4 минут қосылғанымен, алаң иелерінің есепті теңестірер қауқары болмады. Қорытынды есеп 2:1. Сәйкесінше, үшінші жеңіліс, көңілсіз тарқасып жатқан 6000 жанкүйер.

Никола Спасов – “Қызыл-Жар СҚ” футбол клубының бас бапкері:


– Бүгінгі қарсылас осал емес, құрамында жақсы футболшылар жетерлік. Маусымды сәтсіз бастадық, ендігі мақсат премьер-лигадағы орнымызды сақтап қалу. Жігіттердің физикалық мүмкіндіктері зор, кездесуді жеңіспен, не тең есеппен аяқтауға болар еді. Тек психологиялық тұрғыда футболшыларымыз осалдау. Осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.

Премьер лиганың 4-ші туры сәуірдің 7-сі өтеді. Қызылжарлық аяқ доп шеберлерін Қарағандылық Шахтер қабылдайды. Ал Қарасай стадионындағы келесі матч сәуірдің 14-не жоспарланған. Қарсыласымыз – Талдықорғаның Жетісуы.

 

Саят Ермек