Аптадағы маңызды жаңалықтар

Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы – кемел болашаққа бастар жол

Бағдарламаның кезең-кезеңімен орындалуы құзырлы мекемелердің қатаң бақылауында болмақ. Басқосуда алдымен халық қалаулылары әр қазақстандықтың басты проблемасына айналған баспана алу тақырыбын қаузады.

Айгүл Нүркина – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:


– Алдағы шілде айында Ұлттық банктің қатысуымен еншілес компания құру көзделген. 2018 жылдың 4-ші тоқсанында екінші деңгейлі 10 жетекші қаржы ұйымы жаңа бағдарлама бойынша несилендіруді бастайды. Бекітілген ережеге сәйкес қазақстандықтар жаңадан тұрғызылатын баспаналардан пәтер ала алады. Сондай-ақ, отандастарымыздың екінші дәрежедегі тұрғын үйлерді де сатып алуға мүмкіндіктері болады.

Жиында еңбекақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайтудың ұтымды жолдары да талқыланды. Ұлт көшбасшысы атап өткендей, келер жылдан жалақысы аз қызметкерлерден алынатын табыс салығы небары 1 пайызды құрайды.

–  Светлана Бычкова – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:


– Осы күні мардымсыз еңбекақы алатын 2 миллионнан астам қазақстандық жұмысшы тіркелген. Салық жүктемесін жеңілдету – әлемнің дамыған мемлекеттерінде қолданылып келетін тәжірибе. Бастаманың негізгі тиімділігі – аз жалақы алатын халықтың табысын кезең-кезеңімен арттыру. Бұл тұста жұмыс берушілерге салмақ түспейді.

Кейін төменгі палата өкілдері жоғары білім алу және студенттерді жатақханамен қамту жайын пысықтады. Маңызды құжаттың арқасында қазақстандық талай жас қалаған мамандығы бойынша тегін білім ала алады. Осы жастарды жатақханамен қамтуға да құжатта айрықша мән берілген.

Жамилия Нұрманбетова – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 


– Жоғары оқу орнының студенттеріне жатақхана тұрғызылса талай шәкірт пәтер жағалап жүрмес еді. Студенттер тұратын жердің жоқтығынан оқуға дұрыстап ден қоя алмайды. Оның үстіне баспана жалдап тұру олардың ата-аналарына үлкен салмақ салуда. Жуық арада еліміздің барлық аймақтарында студенттер қалашығының құрылысы басталады.

Жиында депутаттар шағын бизнесті қолдау тетіктерін баяндап, солтүстік өңірлердің көп ұзамай көгілдір отынмен қамтылатынын да атап өтті.