МТРА жаңалықтары

Петропавлда аймақтық күй тартыс байқауы өтті

Бірінші болып сахна төріне Әділ Жанай мен Тагир Қайыр шықты. Тагир “Күршілер” күйін нақышына келтіріп орындауда. Музыкант туындының орта тұсына жеткенде кезекті қарсыласына берді. Әділ болса, шығарманы соңына дейін орындап шеберлігін көрсетті. Бұдан соң жастар Құрманғазы, Дина, Нұрғиса Тілендиев сынды өнер иелерінің “Әсем қоңыр”, “Балбырауын” мен “Адай” күйлерін шертті.

Сайыс соңында қазылардың шешімімен Уәлиханов ауданынан келген Әділ Жанай жеңіске жетті.

Әділ Жанай – байқауға қатысушы, Уәлиханов ауданы:


–  Қателіктерге жол берген жоқпын. Күйлерді таза орындап шықтым.

Кейін, тағы Уәлиханов және Мамлют аудандарынын келген Мират Жұмағұл мен Нүрзия Қамбарова сынға түсті. Мектеп оқушылары бірнеше туындыны жоғары деңгейде орындап, байқаудың көркін қыздырды. Өңірлік конкурстың басты мақсаты – өлкемізде күй өнерін дамыту болып табылады.

Тұңғыш Бекенайұлы – “Серпер” өнер мектебінің жоғарғы санатты домбыра пәні мұғалімі, Ақжар ауданы:

– Солтүсте күй тартыс өнері кенжелеп қалған. Соны дамыту мақсатында осындай іс-шара өткізіп отырмыз.

Байқаудың соңында жеңімпаздар мен қатысушылар диплом және естелік сыйлықтарға ие болды.

 

Култанов Байболат