Қайырымдылық

Облыс орталығында қайырымдылық акциясы өтті

Айгерім Шөкей – Петропавл қаласының тұрғыны:


–  Бүгін сіңлім екеуміз қайырымдылық шараға келіп, қолөнер бұйымдарын сатып алдық. Жақсы іс жасадық деп ойлаймын.

Шараға «Солнечный дом» қоғамдық қоры 80-ге жуық қолөнер бұйымын әкеліпті. Бар-жоғы 20 минут ішінде олардың төрттен бірі сатылып үлгерген. Жәрмеңкеге қатысушылардың сөзінше, саудаланған әр зат -жасөспірімдерді қанаттандырып, шабыттандыруға септеседі.

Анастасия Швец – «Солнечный дом» қоғамдық қорының директоры:


–  Нұр Отан партиясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан шараға осымен 2-ші жыл қатысудамыз. Балалардың көңіл-күйі көтеріңкі. Балғындардың жан-жақты болып өсуі үшін, оларға арнап түрлі үйірмелер ұйымдастырамыз. Олар қолөнер бұйымдарын жасауды да үйренеді. Мүмкіндігімізше сатып, жиналған ақшаға ұл-қыздарымызға концерттерге арналған костюмдер аламыз.

Бұндай шаралар жарым жандарға қолдау көрсетіп, балғындарды қоғамға бейімдеуге бағытталған. Акцияны қызықты әрі көңілді өткізуге бірқатар теріскейлік компаниялар ат салысуда. Бірі аниматорларды жалдаса, енді бірі балғындарға тәтті-дәмдіден үлестірді.

Кеңес Мұқышев – Нұр Отан» партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:


–  Нұр Отан партиясының “Кедергісіз келешек” жобасының аясында осы қайырымдылық шараны өткізудеміз. Балалардың жәрмеңке ұйымдастырып, жасаған бұйымдарын сатуға мүмкіндігі бар. Тағы балғындар үшін түрлі секциялар жұмыс істеуде.

Кембағал балаларға демеу болып, қолдау көрсетуге теріскейлік паралимпиадышылар да келді. Олар мүмкіндігі шектеулі балалар үшін нағыз рухтандырушы адамдар.

Қайрат Канафин – ҚР Ұлттық Паралимпиада құрамасының мүшесі:


–  Ең біріншіден, балаларға зор денсаулық тілегім келеді. Бүгінгі іс-шара олардың шексіз мүмкіндіктерін дәлелдеуде. Біз де кезінде белсенді болып, спортпен айналыса бастадық. Енді міне, көрсетілетін қолдау зор. Балаларды өзіміздің «Үміт» клубына шақырамын. Онда 6 спорт түрімен айналысуға болады.

Шара соңында балаларға сыйлықтар үлестіріліп,концерттік бағдарлама ұсынылды.

Эльмира Садвокасова