Қоғам

“Саланг” ӘПК халықаралық экспедицияға жол тартпақ

Биыл да қазба жұмыстары ТМД мемлекеттерінен жиналған осындай “іздеушілердің” басын қоспақ. Қазақстаннан бұл жолы маңызды сапарға екі топ әзірленіп отыр. Бірі ақтөбеліктер болса, екіншісі – теріскейлік клуб.

Александр Азегов – “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі:


– Басты мақсат – майдан шебінде қалып қойған жауынгерлердің сүйектерін қазып алып, олардың жеке тұлғаларын анықтау. Былтыр 500-ге жуық жауынгерді таптық. Олардың тек 15-інің есімдері анықталды. “Еске алу вахтасы” деп аталатын қазба жұмыстарына клубтан 10-шақты адам аттанады. Жартысы – мектеп оқушылары.

Экспедиция Великий Новгород қаласынан 180 шақырым жерде орналасқан Парфинск ауданына аттанбақ. Тарихи құжаттарға сәйкес, 1941-43 жылдар аралығында дәл осы маңдағы ұрыс алаңында 800 мыңнан астам кеңес және неміс жауынгері мерт болған. Қазір қазба жұмыстарына қатысатын салангтықтар сапарға барынша дайындалу үстінде. Олар төзімділіктерін шыңдап, физикалық тұрғыдан жаттығып жатыр.

Рамиль Хубалиев – “Саланг” әскери-патриоттық клубының мүшесі:

 


–  Бұл менің бірінші экспедициям. Мен үшін мұндай шараға қатысу үлкен абырой. Қазір дайындық қызу, демалыс күндері жорықтарға шығып, табиғат аясында күн көрудің қыр-сырын меңгереміз, ал залда шынығамыз. Саланг” клубына үшінші жыл мүшелік етіп келемін. Жасым 18-де. Бұл бозбала үшін алғашқы әскери дайындықтан өтіп, Отан қорғауға дайын болуды үйрететін таптырмас орын.

Әскери-патриоттық клубтың музейінде аталмыш экспедициялар барысында табылған жәдігерлерге сан жетпейді. Биылғы сапардан соң музей қоры тағы толықпақ. Саланг сарбаздары қазба жұмыстарына сәуірдің 19-ы күні аттанады. Вахта мамырдың 9-ы, Ұлы Жеңіс мерекесіне дейін жалғаспақ.

Саят Ермек