Мәдениет

Петропавлға гастрольдік сапармен “Таланты мира” қайырымдылық қорының әртістері келді

Жалпы бұл қордың құрамында 200-ге жуық әртіс бар. Олардың бірі – Халықаралық байқаулардың лауреаты Анатолий Рыкунов. 5 жылдан астам уақыт АҚШ-та тұрған өнер майталманы кейін туған жері – Ресейге қайта оралған. Әлем сахналарында опера жанрында ән салатын ол Қазақстанға алғаш рет келіп отыр.

Анатолий Рыкунов – “Таланты мира” қайырымдылық қорының әртісі:

– Солтүстікқазақстандықтар бізді жақсы қарсы алды. Өз кезегінде біз де көреременге керемет көңіл-күй сыйлау керекпіз. Өмірімнің 30 жылын музыка саласына арнадым, меймандар өнеріме тиісті бағасын береді деген ойдамын.

“Таланты мира” қоры кезекті гастрольдік сапарын Қазақстаннан бастауды жөн көрген. Бұл жолы әртістер көрермендерге “Аллилуя любви” атты жобаларын ұсынып отыр.

Валерия Кириллова – “Таланты мира” қайырымдылық қорының әртісі:

– Петропавлға осыдан 4 ай бұрын “Үздік баритондар парады” атты бағдарламамен келген болатынбыз. Ал, бүгін солтүстікқазақстандықтарға мюзикл, оперетта, рок-опера жанрындағы әндерді ұсындық.

Әдемі кештің куәсі болған өнерсүйер қауым ерекше көңіл-күйге бөленді.

– Таланты мира” қорының концертіне отбасымызбен жиі келіп тұрамыз. Бұл жердің атмосферасы ерекше. Әртістердің орындау шеберлігі де тамаша.

– Музыка – біздің жанымыздың рухани азығы. Сол себепті, осындай шараларды жіберіп алмауға тырысамын. Бүгінгі кеш өте жақсы өтті.

“Таланты мира” қорының әртістері Петропавлдан соң Оңтүстік Қазақстан өңіріне аттанады.

Молдир Макишева