Спорт

Петропавлда алғашқы әскери дайындықтан 10-шы республикалық олимпиада өтті

Сондықтан, оқуға түскен бірінші күннен бастап-ақ, олар автоматты жинап, кедергілер жолағынан сүрінбей өтіп, қорғаныс жиынтығын киіп үйренеді. Тараздан ат терлетіп келген Дархан Туленди мамандығының қыр-сырын енді ғана меңгере бастапты. Дегенмен, өзінен бірнеше курс жоғары қарсыластарына дес берер емес. Әсіресе, автоматты бұзып-жинауда оған тең келері жоқ.

Дархан Туленди – Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті:


–  Жарыс жалпы жақсы өтуде. Сәл қобалжу бар. Неде болса, республикалық жарыс. Қарсыластарымыз өте мықты. Дайындалғандары көрініп тұр. Дегенмен, жеңіс біздікі!

Қатысушылар 4 кезеңді еңсерулері қажет. Бірінші турда олар жиған-терген білімдерін тест арқылы дәлелдесе, енді оны іс жүзінде көрсетпек. Алдымен, студенттер автомат бұзуда сынға түсті, кейін кедергілер жолағынан өтті. Ал, ең қиыны әрі ұзақ уақытты талап ететін сынақ – қорғаныс жиынтығын кию. Мұнда бастысы, арнайы киімді кию ретін шатастырып алмау керек. Тапсырманы шапшаң әрі тиянақты орындағандағандардың бірі – жергілікті жоғары оқу орнының студенттері. 3-курста білім алатын Динара Жакина дүбірлі додаға қатысуға ниет білдірген жалғыз нәзікжанды. Бұған қарамастан, жігіттермен иық тірестіріп, жақсы нәтиже көрсетуде.

Динара Жакина – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:


–  Бізді оқытушыларымыз қыз-ұл деп бөліп жармайды. Сондықтан, қойылатын талап бірдей. Негізі, оқып жатқан мамандығым өзіме ұнайды. Болашақта міндетті түрде осы салада еңбек еткім келеді.

Жарысқа 10-ға жуық жоғары оқу орнының командалары қатысуда. Әр құрама 3 студенттен жасақталған.

Галина Чемоданова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ дене және әскери тәрбиенің әдістемесі мен теориясы кафедрасының меңгерушісі:


–  Алғашқы әскери дайындық мамандығы бойынша білім алатын студенттерге қойылатын талап қатаң. Қатысушылар теориялық, тактикалық және практикалық білімдерін сарапқа салуда. Қалған екі турда студенттер Макаров тапаншасынан атып, бассейнде жүзуден бақтарын сынайтын болады.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, аталған сайыс болашақ мамандардың шеберлігін шыңдап, осал тұстарын байқауға мүмкіндік береді. 10-шы республикалық олимпиадада жеңіс тұғырынан көрінгендер кубок, медаль және грамотамен марапатталмақ.

Эльмира Сәдуақасова