Мәдениет

Театр әртістері төл мерекелерін атап өтті

– Наурыздың 27-і театр қызметкерлері үшін ерекше күн. Себебі, өнер ұжымы кәсіби мерекелерін атап өтеді. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының әртістері бұл күнге орай ерекше дайындықпен келген. Сәнді киінген актрисалар мен сымбатты актерлер әдемі кештің көркін ашты.

Биылғы халықаралық театр күнінің өзіндік ерекшелігі бар. Өнер ұжымы кәсіби мерекеге орай алғаш рет “Театр түні” шарасын ұйымдастырды. Жиналғандар түрлі түсті билеттер бойынша бірнеше бөлмеге аттанып, шығармашылық процеспен танысты. Болашақ әртістер оларға арнап, кішігірім қойылым ұсынды.

Көрермендердің өзге тобы сахнаның ар жағына саяхат жасап, шымылдықтың артқы бөлігінде жүріп жатқан шаруадан хабар болды. Мәселен, мына темірлер декорациялардың орнын ауыстыруға септеседі екен. Бұдан бөлек, актерлердің киімі, грим бояулары, реквизиттер мен декорациялар орналасқан көрмені де тамашалау мүмкіндігі жасалған.

Елена Покрас – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Бүгін Халықаралық театр күніне орай біздің өнер ордамызда алғаш рет “Театр түні” шарасы ұйымдастырылды. Көрермендер 5 топқа бөлініп, театрдың жұмысымен жақынырақ таныса алды. Сонымен қатар, мерекеге орай, театр қызметкерлері 10 аталым бойынша марапатталады.

Міне, марапаттау кезегі де келіп жетті. Еңбегі еленген әртістер мен театр жұмысшылары ҚР халық әртісі Иван Арчибасов атындағы сыйлықққа ие болды. “Үздік басты әйел рөлі” номинациясы “Жұт” спектаклінде Сәуленің рөлін сомдағаны үшін Екатерина Литвиноваға бұйырды.

Ал Валентина Гронская мерекеге орай “Дебют” аталымы бойынша марапатталды. Нәзік жанды 2017 жылдың тамызынан сахнаға шығып жүр. 21 жасар актриса бұл кәсіпті ойламаған жерден таңдаса да, бүгінде театр өмірінің мәніне айналғанын айтады.

Валентина Гронская – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актрисасы:

– Мектепті аяқтаған соң, небәрі 3 күн ойланып, осы мамандықты таңдадым. Петропавл қаласындағы Өнер колледжіне оқуға түстім. Сол кезден бастап бұл кәсіптің жаныма жақын екенін түсіндім. Әзірге менің ең сүйікті рөлдерімінің бірі – ертегі спектакіліндегі Балапан.

Сонымен қатар, биыл марапаттар тізіміне “Ең үздік режиссер” аталымы қосылған. Оған “Жұт” спектакілін сахнаға шығарған театр режиссері Тимур Каримжанов ие болды.

Тимур Каримжанов – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының режиссері:

– Біз бұл тарихи қойылыммен Беларуссия елінің Брест қаласына барып қайттық. Жалпы театрда 7 жыл жұмыс істеп келемін. Осы аралықта 10-ға жуық спектакль қойдым. Солардың ең алғашқысы “Кислород” қойылымы.

Марапаттау рәсімінен соң театр әртістері өнер сүйер қауымға “Аленький цветочек” туындысын сахналады. Театр ұжымының бұл қызыққа толы шарасы барлық көрермендердің көңілінен шықты.

Молдир Макишева