ТЖ

Петропавлдағы ірі сауда орталықтары төтенше жағдайларға қаншалықты дайын

Денис Шуваев – СҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы:


– Қызыл жалын 53 млн. 933 мың теңгенің материалдық шығынын келтірді. 146 өрт тұрғын үйлерде тіркелді. 73 оқиға пеш жағу мен оны дұрыс пайдаланбаудың кесірінен орын алған, 43-іне электр сымдарының сыр беруі себеп болды.

Петропавл қаласы бойынша да жағдай оңып тұрған жоқ. Өңірде тіркелген 184 өрттің 58-і шаһарға тиесілі. Қызыл жалын жазым қылған 9 петропавлдықтың 4-уі бала.

Дмитрий Растихин – Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы:


– Соңғы өрт оқиғасы қаладағы жатақханалардың бірінде орын алды. 5 адамды құтқардық, 150 адамды эвакуацияладық. Сонымен қатар, өрт сөндірушілер пәтерлердің бірінен газ балонды дер кезінде алып шықты.

Ресейдің Кемерово қаласында түсірілген бұл кадрлар әлемді дүр сілкіндірді. Наурыздың 25-і күні шаһардағы ірі сауда орталығында өрт шығып, қайғылы оқиға орын алды. Ресми мәліметтерге сүйенсек бұл өртте 70-тен астам адам қаза тапқан. Олардың жартысынан көбі балалар. Жаға ұстатарлық бұл жағдай теріскей тұрғындарын да алаңдатпай қоймады. Біздегі сауда орталықтары қаншалықты қауіпсіз? Айтып келмейтін мұндай апатқа олар дайын ба? Тілшілерді толғандырған басты сұрақ осы болды.

Денис Шуваев – СҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы:


– Петропавлда өрт шығу қаупі жоғары 30 ірі сауда және ойын-сауық кешені бар. Олардың 4-уі аудандарда ал қалғаны шаһарда орналасқан. Сол 30 нысанның тек 17-сі өткен жылы тексерілді. 10-ы аудит шешімі бойынша тексерістен босатылды.

Былтыр жоспарлы тексерістен өткен ірі сауда орталықтарының тек 2-уі ғана талаптарға толықтай сай деп танылған. Қалған 15 нысанда 70 шақты олқылық анықталып, оларға 623 мың теңгенің айыппұлы салыныпты. Кейбірінде дабыл жүйесі сыр берсе, бірінде эвакуация жолдары жабық болып шыққан. Тек, өкініштісі, өрт сөндірушілердің бұл кешендерде жоспардан тыс тексерістер жүргізу құқығы жоқ. Өйткені оған ел заңнамасы жол бермейді.

Саят Ермек – тілші:


– Заң бойынша 2016 жылдың бірінші қаңтарынан бері жаңадан тұрғызылған нысандарды қабылдау үрдісіне өрт сөндірушілер ат салыспайды. Сондай-ақ бизнес субъектісі пайда болғалы бері 3 жыл ішінде онда өртке қарсы тексеріс жүргізуге заңмен тыйым салынған. Сондықтан, жуырда шаһарда пайда болған алып сауда орталықтарында қарапайым өртке қарсы ережелердің өзі сақталған ба? Ол тұрғындарға да, тіпті өрт сөндірушілерге де белгісіз.


 

Саят Ермек