МТРА жаңалықтары

Ғ.Мүсірепов ауданында алтынның қойнауы болуы мүмкін

Арнайы қондырғы арқылы мамандар ондаған метрді оп-оңай еңсере алады. Бастысы қондырғының көрсеткіштерін бақылауда ұстаған абзал. Экспедицияның бұрғылау шебері Дәрмен Закариннің сөзінше, жердің әрбір қыртысын қазу үшін арнайы саптаулар керек.

Дәрмен Закарин – “Қостанай іздеу-түсірілім экспедициясы” ЖШС бұрғылау шебері:


– Құм болса, оған басқа саптама салынады. Тасқа кездессек те солай. Жалпы, бұл қондырғы 1000 метр тереңдікке дейін бұрғылай алады. Бір жарым тәулік ішінде 100 метрді қазуға болады.

Ал, мұнда біржарым тәуліктің ішінде алқаптың қойнауынан алынған үлгілер жатыр. Бұдан жердің әрбір қыртысын байқауға болады. Мәселен, 70 метр тереңдіктен алынған қабаттан кварцты байқасақ, 78-ші метрде пирит минералы бар. Соңғысы – алтын кеніне жол ашуы мүмкін. Жер қойнауынан алынған бұл үлгілердің барлығы ұнтақталып, Қарағанды қаласына жіберіледі. «Геоланалит орталығында» мамандар оларды 2 ай бойы мұқият тексеріп, қорытындысын жасайды екен. Пайдалы қазбаның бары расталса, учаскедегі геологтардың шаруасы қайта жалғаспақ. Жалпы, экспедиция мамандары өз жұмыстарын жыл он екі ай жүргізе алады.

Геннадий Ласков – “Қостанай іздеу-түсірілім экспедициясы” ЖШС геологиялық бөлімінің басшысы:


– Біз пайдалы қазбаларды кездестіруге болатын аймақтарды анықтауымыз қажет. Боксин учаскесінде екі ұңғыма қаздық. Соның бірі бізді алтын кенішінің қойнауына әкелуі мүмкін. Әрбір метрден алынған үлгілерді лабораторияға жіберген соң, нәтижесін күтеміз. Бірақ, алтынның серіктесі деп отырған пириттің астында құнды металлдың болмауы да әбден мүмкін.

Экспедицияның жобасы 3 жылға жасалған. 2017-ші жылы олар пайдалы қазбаларды табуға болатын аймақтардың геокартасын әзірлепті. Енді, нақты бұрғылау жұмыстарына кіріскен. Жер қойнауынан геологтар мыс, қорғасын, молибден сынды 24 элементтің қорын табуға ниетті.

Талғат Исасейітов -өңіраралық “Севказнедра” департаменті бөлім басшысының орынбасары, Көкшетау қаласы:


– Бұл жоба Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облысын қамтуда. Оның құны 91 млн теңгеден асады. Биыл бұл қаржының 52 млн-ы игерілуі тиіс. Жалпы, жыл сайын еліміздің солтүстік өңірлерінен пайдалы қазбалар мен минералдарды іздеу үшін бюджетінен 1 млрд теңге бөлінеді.

Айта кеткен жөн, Қостанай іздеу-түсірілім экспедициясы екі жыл бойы Ақжар ауданын зерттеп, бірнеше учаскесінде қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде, Үлкен Қараой көліде минералды судың бар екені расталған еді.

Эльмира Садвокасова