Қоғам

“ҚазАгроКепіл” АҚ несие сомасының 85 пайызына дейін қайтарымсыз кепілдік ұсынады

Солардың бірі – Есмағзам Ілиясов жылдық 6 пайыз мөлшерлемесімен 1 млн теңгеге несие ресімдеп, сол қаражатқа 4 бас сиыр сатып алыпты. Қазір оған көршілері еліктеп, ауыл шаруашлығын қаржылай қолдау қорына өтініш тапсырып жатқан көрінеді.

Есмағзам Ілиясов – Чириковка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Жұрт маған қарап қызығушылық танытуда. Несиені 6 пайыз мөлшерлемесімен 7 жылға алдым. 1 жыл үзіліс берілді. Бастаған ісім жақсы нәтиже береріне сенімдімін. Өйткені ауылымызда мал шаруашлығымен айналысу ыңғайлы. Есіл өзені жанымызда. Шабындық жерлер де маңайда. Сүтті есігіңнің алдынан келіп алып кетеді. Ешқайда жүгіріп жүрмейсің.

Чириковка селосының тұрғындарынан сүтті “Арман” ауыл шаруашлығы кооперативі 90 теңгеден қабылдауда. Аталмыш бірлестікті Марат Мұқатаев досы Андреймен бірге құрыпты. Серіктестер жақын маңдағы елді мекендерден жиналған шикізатты Петропавлдағы зауыттардың біріне өткізеді. Марат Мұқатаев бұл іспен шектеліп қалмақ емес. Ол мүйізді ірі қараның басын көбейтуді жоспарлауда. Былтыр “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасына жүгініп, 10 бас зеңгі баба төлін сатып алыпты. Сиырларды Жұлдыз Рамазанова сауады. Нәзік жанды осыған дейін ауыл әкімдігінде еден жуғаны үшін 9 мың теңге айлық алып келген. Оған қарағанда қазіргі жалақым 4 есе жоғары дейді ол.

Жұлдыз Рамазанова – “Мұқатаев” ЖК сауыншысы, Есіл ауданы:


– Жалақыға көңілім толады. Уақытында алып жүрмін. Кооперативтің ашылғаны жақсы болды. Тұрғындар мал шаруашылығына ден қойып жатыр. Келешекте жаңа жұмыс орындары ашылады деген үміттемін.

Марат Мұқатаев жеке ісін былтыр ғана бастапты. Қалтасында қаражаты болмаған соң сүт қабылдау пунктін, сауу аппаратын және шикізатты тасымалдайтын көлікті несиеге алған. Оның бәріне 15,5 млн теңге жұмсаған екен. Мүлкі ауылды жерлерде орналасқандықтан заемның 85 пайызын “ҚазАгроКепіл”АҚ кепілдендіріпті.

Айгүл Қонаева – “ҚазАгрокепіл” АҚ СҚО өкілдігінің директоры:


– Жұмысын жаңадан бастаған кәсіпкерлерге несие сомасының 15 пайызын жабатын кепіл заты болса жеткілікті. 85 пайызын “ҚазАгрокепіл” АҚ өз мойнына алады. Осы тұста айта кетейін, “ҚазАгрокепіл” пайда табуды көздемейді. Бұл коммерциялық ұйым емес. Сондықтан заемшылар алған кепілдіктерін бізге кері қайтармайды. Комиссиялар жоқ. Клиент несиесін кешіктіріп алса, ол үшін біздің ұйым төлем жүргізеді.

Мұндай жеңілдік бизнесін бұрынан жүргізіп жүрген кәсіпкерлерге де ұсынылады. Өткен жылы “ҚазАгрокепіл” АҚ 40-қа жуық солтүстікқазақстандық фермердің өтінішін мақұлдаған. Басым бөлігі Есіл, Айыртау және Ғ.Мүсірепов аудандарынан түскен. Кепілдік алған клиентерінің 44 пайызы кәсібін жаңадан бастағандар екен. Осы тұста айта кетейік, заемшыларға облыс орталығына келудің қажеті жоқ. Қажетті құжаттарды “Қазпошта” АҚ мен “Атамекен” ҰКП жергілікті бөлімшелері қабылдап, кейін материалды “ҚазАгрокепіл” АҚ электрондық түрде жолдайды.

Берік Қасен