Қоғам

Абай болыңыз, сүңгі мұздар

Екінші жағынан, ғимараттар мен тұрғын үйлердің көпшілігінің шатырларына қар жиналып, сүңгі мұздар салбырап тұр. Олар кез-келген уақытта сырғып не сынып түсіп, тұрғындарды мертіктіруі мүмкін. Оқыс жағдайлардың алдын-алып, тазарту жұмыстарын кім жүргізуі тиіс?

 

Саят Ермек – тілші:


– Мынадай алып сүңгі мұздың бірі басыңызға құласа оңбайсыз. Жолыңыз болса азын аулақ жарақат аларсыз, бірақ мұз семсердің өміріңізді жалмауы да әбден мүмкін. Сондықтан, садақтың жебесіндей үшкір сүңгілер самсап тұрған ғимараттардан бір қадам алыс жүргеніңіз абзал.

Әлеуметтік желілерде өмірің үшін үрей тудыратын суреттерге сан жетпейді. Мына қар үйінділері мен сүңгі мұздардың адамға не көлікке құлап, қайғылы жағдайдың орын алмасына кім кепіл. Ондайларды болдырмау үшін ғимараттардың шатырларын тазарту керек, әрине. Тек бұл міндет кімнің мойнында? Әкімдіктің бе, кооперативтердің бе, әлде тұрғындардың ба?

Мадияр Жангудин – Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:


– Тұрғын үйлердің шатырларын тазарту жұмыстарына ПИК төрағалары жауапты, ал жеке меншік ғимараттардың шатырларындағы мұзды қағу жұмыстарын меншік иесі ұйымдастыруы керек. Оқыс оқиға орын алып, сотқа арыз түскен жағдайда меншік иесі, не кооператив төрағасы зардап шегушіге шығындарды өтеуге міндетті болады. Егер, әкімдікке ауызша не жазбаша шағым түссе, біз қажетті жерге қоңырау шаламыз, не арнайы тексеріс жібереміз. Негізі біздің тараптан жауапты тұлғаларға олардың міндеттерін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жауаптылардың көбі өздеріне жүктелген міндетті бұлжытпай орындауда. Мәселен, кеше ғана “Страна товаров” сауда үйінің шатырынан алып әрі қорқынышты сүңгілер салбырап тұрған еді. Таңертең мұз семсерлердің қағылғанын байқадық. Ал, Мир көшесі 205 мекен-жайында орналасқан тұрғын үйдегі кооператив төрайымы шатырды қар мен мұздан тазартқысы-ақ келеді. Тек мүмкіндік жоқ. Аяқ бассаң опырылып түсетін апаттық жағдайдағы шатырға көтерілу қауіпті дейді ол. Мұз семсерлердің біразын тұрғындардың өздері балкондарынан қағып түсірген. Ал қол жетпеген аумақтарды қызыл таспамен қоршаудан басқа амал табылмапты.

Светлана Солоненко – «Мира 205» ПИК төрайымы:


– Үйдің тұрғызылғанына 50 жылдан асты. Жұмысшыларды шатырға жіберу қорқынышты, сондықтан қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Былтыр сүңгі мұз аулада ойнап жүрген бір кішкентай қыздың дәл алдына құлады. Шатырды ауыстыру үшін кезекке тұрдық, оның қашан басталатыны белгісіз. Әзірге қолымыз жіпсіз байлаулы.

Тоқсан би көшесіндегі мына тұрғын үй шатырындадағы қар мен мұзды да тұрғындар бірнеше күн бұрын өз күштерімен құлатыпты.

Анатолий Косарев – қала тұрғыны:


– ПИК төрайымының өтініші бойынша 4 жігіт қолдарымызға күрек алып, шатырға шықтық. Салбырап тұрған мұздарды қағып тастадық. Себебі мұнда адамдар жүреді, көліктерін қояды. Біреуінің үстіне құлап, жазым болып жатса сұмдық қой.

Адал ниетпен болса да, бұлай пысықсу шатырға шыққан тұрғындардың өздері үшін қауіпті. Аяқ тайып, төбеден құлап, мерт болу ғажап емес. Сондықтан, ғимараттардың төбелерін тазарту жұмыстарын арнайы компаниялар мен өндірістік альпинистерге тапсырған абзал. Жұмыстың бір сағаты үшін шамамен 5-7 мың теңге төлесеңіз болғаны, отбасыңыз бен темір тұлпарыңыздың амандығы үшін үрейленбейтін боласыз. Абырой болып, соңғы бірнеше жылда қала бойынша бір де бір азамат шатырдан салбыраған мұз бен қар үйінділерінен зардап шекпеген.

Саят Ермек