Қоғам

Ұлыстың ұлы күнін тойлау наурыздың 22-сі де жалғасты

Микрофон мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерінің қолында. Балғындар сахнаға шығып, қалалықтарға ән мен биден шашу шашты. Бүлдіршіндердің көңілін алып қуыршақтар да көтерді бұл күні. Балғындар жыл он екі ай иелерімен де ойнап, суретке түсу мүмкіндігіне ие болды. Мерекелік тәтті торт та арнайы әзірленіпті.

– Маған мейрам қатты ұнады, көңіл-күйім өте жақсы. Наурыз құтты болсын, ақ мол болсын, жүрген жерімізде жол болсын.


– Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, әрбір адамға Наурыз құтты болсын.

Сәл әрірек, облыстық өлкетану музейінің алдында да тамашалауға тұрарлық дүние жетерлік болды. Мұражай ұжымы тұрғындарға арнап интерактивті алаң жасаған. Мәселен, кез-келген жерлесіміз түрлі-түсті таспаларды ағашқа байлап, мерекелік күнде тілек жасады.

Жүрек жарды лебіздерін білдірем деушілерге мынадай арнайы тақта да орнатылған. Ал мына алаңқайда қалалықтар ұлттық жабдықтарымыздың жанында суретке түсу мүмкіндігіне ие болды.

Әлия Үсейінова – облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:

– Музей Наурыз мейрамын қарсы алуда” атты интерактивтік алаң жасадық. Музей ішінде көптеген шеберлік сағаттары өтуде, ал сыртта фотозоналар мен жәдігерлер қойылған.

Мерекенің екінші күнінде шаһар тұрғындарын ауа-райы қуанта қоймады. Десе де көтеріңкі көңіл күй, ауқымды бағдарлама орталыққа жиналған жерлестеріміздің тоңып-жаурауына жол бермеді.

 

Саят Ермек