МТРА жаңалықтары

Петропавлда алғашқы жабық футбол манежі бой көтерді

Ал, жаңбыр жауып, қар түскенде спортшыларға оның аяқталуын күтуден басқа амал жоқ. Бұл – өз кезегінде өңірімізде футболдың дамуына едәуір кедергі келтіреді. Бүгін жерлес аяқдоп шеберлері үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Петропавлда алғышқы жабық футбол манежі халық игілігіне тапсырылды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Бұл шаһардағы футболға лайықталған тұңғыш жабық нысан. Манеж бірінші кезекте біздің үміт артып жүрген жергілікті “Қызылжар СҚ” командасының шеберлігін шыңдауға септігін тигізбек. Енді, кез-келген ауа райында ойындарыңызды жоспарлы түрде өткізетін боласыздар. Бұған қоса, манежде алдағы уақытта өңірдің намысын қорғайтын балғындар да жаттығатын болады.

Нысан 3 ай ішінде тұрғызылған. Бұл мақсатқа 45 млн теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Манеждің жалпы аумағы 2160 шаршы метрді құрайды. Спортшылардың сөзінше, алаң тек жаттығуларға арналған. Бүгінде жергілікті футбол орталығында 9 бен 17 жас аралығындағы 280 бала жаттығуда. Өңірлік “Қызылжар СҚ” құрамасының капитаны Али Алиевтің сөзінше, жаңа алаң теріскейдегі футболды жоғары деңгейге көтеруге септеспек.

Али Алиев – «Қызыл-Жар СҚ» ФК капитаны:


–  Еліміздің оңтүстік аймақтары жыл он екі ай жаттықса, біздің балғындар кәсіби алаңда тек жарты жыл ғана ойнай алады. Енді, манеждің ашылуы балаларға жаңа мүмкіндік беруде. Бұл бастама көп күттірмей өз нәтижесін береді деген ойдамын.

Қаз-қатар тізілген бұл балалардың барлығы өз өмірлерін кәсіби футболмен байланыстыруға ниетті. Солардың бірі – ең кіші құрама сапының қорғаушысы Әнуар Адильшин. Бүгін балғын өз командасымен бірге алғашқылардың бірі болып, жасанды газонның сапасын сынамақ.

Әнуар Адильшин – «Қызыл-Жар СҚ» ФК ойыншысы:


–  Мен футболмен 5 жасымнан айналысып келемін. Бұл спорт түрі маған қатты ұнайды. Болашақта Қазақстан құрамасы сапында ойнағым келеді.

Алғашқы кездесу 9 және 10 жасар балалардың арасында ұйымдастырылды. Допты ойынға қосу мәртебесі облыс басшысына бұйырды. Ал, теріскейлік кәсіби аяқдоп шеберлерінің осы маусымдағы алғашқы кездесуі 1 сәуір күніне жоспарланған. Жергілікті команда мен Қостанайлық «Тобол» құрамасы арасындағы матч Қарасай стадионында сағат 15:00-де өтеді.

Эльмира Сәдуақасова