Қоғам

Мамлют ауданының тұрғындары Ұлыстың Ұлы күнін думандата атап өтті

Мәселен, мына жерде жергілікті ұстаздар ашық аспан астында қып-қызыл бауырсақ пісіріп, оны көпшілікке лезде таратып жатыр.

Аяужан Бектұрова – Мамлют аудандық №1 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:

– Киіз үй алдында бауырсақ пісіріп, Мамлют тұрғындарын күн ұзаққа тамақтандырамыз. Бауырсақ – бұл дастарқанымыздың көркі. Бауырсақты білім беру бөлімінің әдіскерлері дайындап жатыр. Қазақта айтады ғой, “Ақ мол болсын” деп, осы наурыз мерекесінде ауданымызда тек жақсылық болсын!

Әз Наурыз – күн мен түннің теңеліп, тіршілік атаулының жаңаратын шағы. Бүгінгі шараға көппен бірге көршілес Ресей Федерациясының Петухово ауданының бір топ делегациясы да ортақтасуда. Осы жерде аудан тұрғындары мен шекара асып келген меймандарға жергілікті өнер ұжымдары Наурыз мерекесінің шығу тарихынан сыр шертер театрландырылған қойылым ұсынды.

Кейін қонақтар мен аудан әкімі орталық алаңда құрылған ақшаңқай киіз үйлерге бас сұқты. Ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлердің әрбірінде ежелгі мейрамды әспеттейтін салт-дәстүрлер көрсетілді.

Гүлжан Мағауина – Мамлют аудандық білім бөлімінің әдіскері:


– Келін түсіру дәстүрін көрсеттік. Дәстүрге мектеп мұғалімдері, оқушылары мен білім бөлімінің қызметкерлері ат салысты.01-00Келушілерге Наурыз көже дайындалды.Қолымыздан келгенше жұртқа дастарқан жайдық.

Бүгінде Мамлют ауданында 30 ұлттың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. “Ауылы аралас, қойы қоралас” жатқан Мамлют ауданы мен Петухово елді-мекенінің басшылығы осындай мерекелік бас қосулармен ғана шектеліп қалмақ емес. Болашақта екі аудан басшылығы экономиканың сан саласында бірлескен жұмыстар атқармақ ниетте.

Жастілек Сыздықов – Мамлют ауданының әкімі:

 


– Наурыз мейрамы қарсаңында өзіміз ұйымдастырып, шекарааралық қатынасты қамту мақсатында Ресейдің Петухово ауданынан құрметті қонақтарды шақырып отырмыз. Кәсіпкерлікті дамыту үшін оларды шақырдық. 02-15Ел-жұрт араласып жатыр, бұл енді жаңалық емес, Петуховода да қазақтар тұрып жатыр. Біздің Мамлют ауданының тұрғындарымен жақсы қарым-қатынаста. Осыны әрі қарай дамыту керек.

Жалпы әз Наурыз мейрамының мамлюттіктердің көңілінен шыққаны олардың бал-бұл жанған жүздерінен байқалып тұрды. Бейбіт елдің тұрғындары бірін-бірі мерекемен құттықтап, тума-туыс, ағайын-бауыр, дос-жарандарына игі тілектерін арнады.

Бахыт Садвокасов