Аптадағы маңызды жаңалықтар

Теріскейліктер Наурыз мейрамын дүркіретіп тойлап өтті

–  Кеше ғана солтүстікте ауа райы сан құбылды. Алдымен қар жауып, арты ақ түтек боранға ұласты. Ал, бүгін күн шайдай ашық. Бұл да жаңару мен жасампаздың мерекесі саналатын – әз Наурызымыздың белгісі. Осындай көктемнің шуағы төгіліп тұрған күні теріскейліктер Ұлыстың ұлы күнін облыс әкімдігі алдындағы алаңда дүркіретіп атап өтуде. Мұнда ас дайындалып, ұлттық ойындарымыз ойналып, үстеріне мынандай көз тартар киімдер киген жандар думанның көркін қыздыруда.

Шаһардағы Наурыз мерекесін тойлау театрландырылған көріністен басталды. Ортаға шыққан шыққан өнерпаздар жиналғандарға халқымыздың ежелден келе жатқан аластау рәсімін көрсетті. Осылайша олар төрімізге келіп жеткен жаңа жылымызда елімізден жамандық атаулы аулақ болып, береке мен бірлік кетпесін деген ниеттерін білдірді. Тағы, көшетке ақ тамызылды. Бұл да көктемнің келгенін білдіретін жаңарудың белгісі. Ал, Қыдыр ата түкпір-түкпірге Ұлыстың ұлыс күні жеткендігін хабарлау үшін кептер ұшырды. Кейін өзінің батасын берді.

Қыдыр атаның батасын тыңдап, әумин деп бет сипаған халықтың қарасы қалың. Басты алаңды лық толтырған теріскейліктерді Наурыз мейрамымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Наурыз – ата-бабамыздан сақталынған мейрамын. Бұл мерекеде жер ана жанданады. Осы күнмен баршаларыңызды құттықтаймын.

Әз Наурызға орай алаңда ақшаңқай киіз үйлер тігіліпті. Құттықтау сөзден соң, өңір жетекшісі осы қаз-қатар тізілген ұлттық қоныстарымыздың барлығына бас сұқты. Құмар Ақсақалов аялдаған мына шаңырақта суырып салма жас ақындар айтысып жатыр.

Наурыз мерекесін жырға қосып, ұлттық өнерді ұлықтаған ұлдардың сөз саптауларына облыс әкімі тәнті болды.

Жарқын Жұпархан – айтыскер ақын:


–  Бізде 40-тан аса жас ақын бала бар. Олар 5 бағыт бойынша дайындалып жатыр.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Халыққа дәстүрлерімізді, киімдерімізді көрсету керек. Өнерімізді насихаттау міндетіміз.

Осы уақытта далада да мереке қызды. Мына киіз үйде келін түсіріп жатыр. Құдалар Ұлыстың ұлы күнінде төс қағыстырып амандасуда. Жастар жағы болса қара жорға билеп думанның көркін келтірді. Әз Наурызбен тойға орай ас та әзірленіпті. Бұл жерге жиналған ағайын көже, палау мен бауырсақтан ауыз тиіп, мәре-сәре болды. Ал, мына жақта Жамбыл облысының шеберлері қол өнер бұйымдарының көрмесін жайған. Тараздық талантты жандар қаламызға өздері жасаған ат әбзелдерін, ыдыс аяқтар мен картиналарды әкеліпті.

Қазым Аманқосов – Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Жамбыл облысы:


–  Тараздан екі шебер келдік. Өзіміздің жұмыстарды халық наразына ұсынып отырмыз. Жұмыстарымыз тұрғындарға ұнауда.

Ал мына жерде балалар алтыбақан тебуде. Ойын-сауықтың қызығына батқан ұл-қыздар мейрамда біраз көңіл көтерді. Көкшетаулық құс бегілер де осы манда жүр. Топағасын сыпырғанда қанатын кеңге жайған бүркіт кішкентайлардың таңдасын тудырды. Бүгінгі мереке солтүстікқазақстандықтардың көңілінен шығыпты.

–  Наурыз мерекесі өте жақсы тойланып жатыр. Мейрамға орай киіз үйлер тігіліпті.

– Шара ұйымдастырушыларына зор алғысымды білдіргім келеді. мерекеге тамаша өтуде.

– Мерекеден мерекеге жете берейік. Баршаңызға амандық тілейім.

Наурыз мейрамымен жерлестерімізді ресейліктер де құттықтай келген. “Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы” қоғамдық ұйымының президентi Есенғали Ибраев қандастарына көрші ел тұрғындарының дұғай сәлемін жеткізуде.

Есенғали Ибраев – «Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы» қоғамдық ұйымының президентi:

– Шуақты Наурыз мейрамы құтты болсын. Барша қазақстандықтарға амандық, дендеріне саулық тілейміз. Әрқашан молшылықта, бейбітшілікте өмір сүре берейік. Ұлыстың ұлы күні Түмен облысында да аталып өтілуде. Қазіргі уақытта өңіріміздің 6 бірдей ауданында мерекелік іс-шара ұйымдастырылып жатыр.

Наурыз мейрамында басты алаңға келген ағайын түрлі спорттық ойындарды да тамашалады. Тәуелсіздік стелласы маңында қазақ күресінің шеберлері сынға түсті. Сондай-ақ, жерлестеріміз тоғызқұмалақ ойнап, қой көтеріп, мықтылықтарын байқады. Осылайша, әз-Наурыз қазақ жұртының тарихын, дәстүрлері мен салтын, ұлттық құндылықтарын тағы бір мәрте паш еткен үлкен тойға айналды.

Байболат  Култанов