Қоғам

Әз Наруыз шаһардың орталық алаңында да тойланды

Саят Ермек – тілші:


– Ұлыстың ұлы күнін ұлықтау үшін шаһардың орталық алаңына жиналған халықтың қатары қалың. Мұнда олар үшін ән де айтылуда, би де биленуде, алтыбақан да орнатылған. Ал маңыздысы, даңғыл бойынша тігілген киіз үйлердің есігі кез-келген қонаққа, кез-келген уақытта ашық.

Шаңырақтардың жалпақ жұртқа қолжетімді болуын мейрам қарсаңында өңір басшысы Құмар Ақсақалов ерекше ескерткен болатын. Ұлттық нақышта безендірілген қазақы киіз үйлерді қала әкімдігінің бөлімдері мен білім ошақтары бірлесіп орнатқан. Мәселен, мына отауда апа-әжелеріміз баланы бесікке салу салтын көпшілікке көрсетуде. Көрсетіп қана қоймай, әр іс-әрекеттің мәнін егжей-тегжейлі түсіндіріп бағуда. Бұл уақытта далада бірі алтыбақан тебісіп жатса, екіншілері сахна алдында би билеп, барынша көңіл көтеруде.

Киелі қазақ жеріне Әз наурыздың аяқ басқанын табиғат ана да сезсе керек, бүгін аспан шайдай ашық. Бұл күні бас көшеге серуенге шыққан жерлестеріміз көңіл көтеріп қана қоймай, ас-ауқаттан да ауыз тиісті.

Саят Ермек – тілші:


– Облысымыздағы этномәдени бірлестіктердің бас болуымен бүгінгі күні наурызда кез-келген азаматқа, кез-келген қала тұрғынына тегін палау таратылып отыр. Бұған жерлестеріміз дән риза.

Жұртшылықты дәмнен тәжіктердің “Сомониен Север” бірлестігі ауыз тидіруде. Ас бәріне молынан жетті. Себебі, Петропавл тәжіктері мейрамға арнап дәмі тіл үйірер палаудың бір емес, 8 бірдей қазанын әзірлепті. Бұл шақта достық үйінің алдына жиналған халайық қыз қуу ойнап жатты. Зіңгіттей жігіттеріміз алма бет аруларды қуып жетіп, беттерінен сүйіп әлек.

Білекті ер азаматтарымыз жілік жарып, күшін көрсетуден де тайынбады. Мұнда өзге ұлттар мен ұлыстардың ойындары да ойналды. Бір сөзбен айтсақ, көпшілік сауық-сайран құрып, табиғаттың жаңарып, көңілдің тазарар шағын қазақ еліне тән дарқандықпен атап өтті.

– Кең болсын қазағымның керегесі,
Кетпесін Алла берген берекесі,
Алаштың баласына нәсіп еткен
Құтты болсын Наурыз мерекесі.

– Баршаңызға тек жақсылық тілеймін, палау жедік, наурыз көже іштік – бәрі дәмді болды.

– Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Елімізде тыныштық, жақсылық және береке-бірлік болсын.

Шаһар халқының құлағына алтын сырға, мейрамды ұлықтау бүгінмен шектелмейді. Мәселен, алдағы екі күнде Конституция даңғылы бойындағы Мулен Руж мейрамханасы мен басқа да бірнеше ойын-сауық орындары жұртшылыққа наурыз көже, бауырсақ пен бәрәмішті тегін таратады.

Саят Ермек